Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2027 жылғы қажылық маусымын ұйымдастыруға қатысатын туроператорларды іріктеді. Олардың саны-төртеу, деп жазады Qazaqstan Media.

Іріктеудің негізгі мақсаты – қазақстандық қажыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру.  Олардың Сауд Арабиясы аумағындағы қауіпсіздігі мен құқықтарын қамтамасыз ету. Сондай-ақ қажылық саласына қатысты Сауд Арабиясы тарапынан қойылатын заңнамалық талаптарды сақтау.

Туроператорларды арнайы құрылған комиссия іріктеді. Үміткерлерді қарау барысында олардың бір жыл ішіндегі жұмыс көрсеткіштері, қажылық пен умраны ұйымдастырудағы оң тәжірибесі, ресми түрде алынған туркодтарының болуы және тиісті лицензияларының жарамдылығы ескерілді. Лицензиялардың жарамдылығы «Туристік Қамқор» корпоративтік қоры арқылы тексерілген.

Сонымен қатар, туроператорлардың ұйымдастырушылық мүмкіндіктері мен белгіленген талаптарға сәйкестігі, сондай-ақ Сауд Арабиясының қажылық ұйымдастырушыларына қоятын нақты талаптары бағаланды.

Тәуелсіз комиссия мүшелері туроператорларды балдық жүйе бойынша бағалап, қажылық орындарын бөлді. Кешенді және салыстырмалы бағалау қорытындысы бойынша 2027 жылғы қажылық сапарын ұйымдастыру үшін төрт туроператор таңдалды:

  • «Атлас Туризм»;
  • «Нұрхан Тревел»;
  • «Тауaф Тревел»;
  • «Хикмет Тревел».

Басқарма мәліметінше, ашық конкурс кезеңінен өте алмаған туроператорлар заңда белгіленген тәртіппен таңдалған компаниялардың бірімен субагенттік негізде қажылық сапарларын ұйымдастыра алады.

Тағы оқыңыз: Петропавлға 120 грамм синтетикалық есірткі әкеле жатқан ер адам ұсталды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *