Жаңа оқу жылы қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік осал топтағы балаларға қолдау көрсетуге бағытталған «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтті. Шара барысында еріктілер мен футболшылар 28 балаға көмек көрсетті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Іс-шара 19-тамызда Жастар ресурстық орталығының акт залында ұйымдастырылды. Акция барысында «Қызылжар» ФК футболшылары мен еріктілер 28 балаға мектеп сөмкелері мен қажетті кеңсе тауарларын табысталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты – жаңа оқу жылы қарсаңында балаларға қолдау көрсетіп, олардың мектепке көтеріңкі көңіл-күймен баруына жағдай жасау.
«Мектепке жол» акциясы балаларға көңіл бөліп, қамқорлық танытумен қатар, қоғамдағы өзара көмек пен әлеуметтік жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Мұндай бастамалар отбасының әлеуметтік жағдайына қарамастан, әр балаға тең мүмкіндік берудің маңызын көрсетеді. Іс-шара барысында балаларға жаңа оқу жылына қажетті заттар табысталып, жылы лебіздер айтылды», — қалалық жастар ресурстық орталығының Дамир Абдин.
Айта кетейік, «Мектепке жол» акциясы өңірдің жер-жерінде өткізіліп жатыр. Биыл өңірде акция аясында көмекке мұқтаж отбасылардың балаларына жүз пайыз қолдау көрсету жоспарланған. Көмек бірнеше санаттағы балаларға беріледі. Бүгінде облыста ата-аналардың өтініштері мен қажетті құжаттардың расталуына сәйкес сегіз мыңға жуық өтініш бойынша төлем жүргізілген. Оның жалпы сомасы 389,2 млн теңгені құрайды.
Бұдан бөлек акция аясында демеушілердің қолдауы да айрықша маңызға ие. Биыл солтүстікқазақстандық мейірімді жандардың арқасында 332 балаға 2 млн 715 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді.
Тағы оқыңыз: Бала екпе алмаған болса, мектепке кіргізбей қоя ма?

