Жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналарға баласының екпе күнтізбесін тексеруге кеңес беріледі. Әсіресе алты жастағы балаларға назар аударған жөн. Бұл жаста бірнеше жұқпалы ауруға қарсы жоспарлы вакцинация жүргізіледі, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне сәйкес, алты жаста балалар қызылша, қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы екпе алады. Сондай-ақ көкжөтел, дифтерия және сіреспеге қарсы вакцинация қарастырылған. Егер бала қандай да бір екпені уақытында алмаған болса, ата-аналар тіркелген емханаға жүгіне алады.

«Егер қандай да бір екпе уақытында салынбай қалса немесе кейінге шегерілсе, емханаға жүгіну қажет. Дәрігер баланың екпе тарихын тексеріп, әрі қарайғы кестені анықтайды. Көп жағдайда вакцинацияны басынан қайта бастаудың қажеті жоқ», — деп түсіндірді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.

Сонымен қатар ата-ананың баласына екпе салдырудан бас тартуға құқығы бар. Ол үшін жазбаша түрде бас тарту рәсімделеді. Ал медицина қызметкері ата-анаға вакцинаның пайдасы, одан кейін болуы мүмкін реакциялар және екпеден бас тартудың салдары туралы түсіндіруі тиіс.

Екпесі жоқ баланы тек осы себеппен мектепке қабылдамай қоюға болмайды. Алайда белгілі бір жұқпалы ауру таралып, эпидемиологиялық жағдай күрделенген жағдайда екпе алмаған балалардың мектепке немесе басқа ұйымдасқан ұжымға баруына уақытша шектеу қойылуы мүмкін.

Сондықтан жаңа оқу жылы басталғанға дейін ата-аналарға баланың екпе паспортын қарап шығу немесе емханадан нақтылау ұсынылады. Екпе күнтізбесі немесе өткізіп алған вакцина туралы сұрақтар туындаса, тіркелген емханадан немесе денсаулық сақтау саласының тиісті қызметтерінен кеңес алуға болады.

Тағы оқыңыз: Елімізде 25 мыңнан астам жұмыссыз адам мемлекеттен қаржылай көмек алды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *