Облыстық онкологиялық орталықтың емханасында күрделі жөндеу жұмыстарының екінші кезеңі аяқталды. Биыл медицинадық мекеменің оң жақ қанаты мен химиотерапия бөлімшесі жөндеу көрді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Бұл мекеме 1986 жылы қолданысқа берілген. Соңғы рет сонау 2001 жылы қалыпқа келтіріліпті. 2025 жылы емдеу орнының сол жақ қанаты қайта жаңғыртылған. Ал биыл өзге бөлігінде ауқымды жұмыс атқарылды.
«Биыл емхананың оң жақ қанаты мен химиотерапия бөлімшесі жөндеу көрді. Ағымдағы жылы атқарылған жұмысқа 224 млн теңге бөлінді. Ендігі жылы хирургиялық бөлімше қайта жаңғыртылады. Оған 350 млн теңге бағытталады», — деді СҚО онкологиялық орталықтың директоры Ербол Уахитов.
Облыстық онкологиялық орталықта 300-ден астам адам жұмыс істейді. Айта кету керек, аталған емханадағы күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 680 млн теңге бөлінген. Бұл – ауқымды істің 3 кезеңіне бағытталған қаржы.
Тағы оқыңыз: СҚО-да тоғыз көл балық шаруашылығын жүргізу үшін конкурсқа қойылды

