Солтүстік Қазақстан облысында биылғы бірінші жартыжылдықта атмосфералық ауадағы күкіртсутектің жоғары деңгейі 11 рет тіркелді. Бұл туралы облыстық экология департаменті мәлімдеді, деп жазады Qazaqstan Media.

Мамандар күкіртсутек тіркелген әрбір жағдайда «Қызылжар су» ЖШС-нің кәріздік тазарту құрылыстары мен «Биопруд» сарқынды су жинақтаушы тоғанының маңына барып, ауаға тексеру жүргізген. Алайда өлшеу нәтижесінде күкіртсутектің шекті рұқсат етілген мөлшерден асқаны анықталмаған.

Жалпы биыл мониторинг аясында кәсіпорындардың санитариялық-қорғау аймақтарында атмосфералық ауадан 1332, ал табиғи су көздерінен 201 сынама алынған.

Экология департаменті жағымсыз иіс мәселесін түбегейлі шешу үшін облыс әкімдігіне, прокуратураға және мәслихатқа бірқатар ұсыныс жолдаған. Атап айтқанда, «Биопруд» тоғанын түптік шөгінділерден тазарту және Петропавлдағы кәріздік тазарту құрылыстарын жаңғыртып, сарқынды суларды толық механикалық және биологиялық тазарту жүйесін енгізу ұсынылған.

Осыған байланысты 2026–2028 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарына екі жаңа жоба енгізілді. Олар – Петропавлдағы кәріздік тазарту құрылыстарын жаңғыртуға және «Биопруд» тоғанын тазартуға арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу. Қазіргі уақытта бұл жоспар Экология және табиғи ресурстар министрлігінің келісу сатысында тұр.

Тағы оқыңыз: Петропавлдықтар Президент Телерадиокешенінің деректі фильмдерін тамашалады

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *