Астанада өткен Орталық сайлау комиссиясының отырысында 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына партиялық тізімдерді тіркеу қорытындыланды. ОСК мәліметінше, жеті саяси партияның тізіміне 545 кандидат енгізілді. Құрылтайда 145 депутаттық мандат болады. Үміткерлердің ішінде 172 әйел мен 35 жасқа дейінгі 74 кандидат бар, деп жазады Qazaqstan Media.
Сайлауды халықаралық бақылаушылар да бақылайды. Қазіргі уақытта ОСК 12 мемлекет пен бес халықаралық ұйымнан 86 бақылаушыны аккредиттеген. Сонымен қатар Сыртқы істер министрлігі тағы бес мемлекет пен 1 халықаралық ұйымнан 10 бақылаушының кандидатурасын ұсынған. Оларды аккредиттеу 17 тамызға дейін жалғасады.
Отырыста сондай-ақ сайлау бюллетеніндегі партиялардың орналасу реті жеребе арқылы анықталды. Ел бойынша үгіт материалдарын орналастыруға сегіз мыңнан астам орын, ал сайлаушылармен кездесуге 4,5 мыңға жуық орын дайындалғаны айтылды.
Сайлауалды үгіт 23 шілде сағат 18:01-де басталды. Сондай-ақ дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді фотоға немесе видеоға түсіріп, оны таратуға тыйым салынған.
Тағы оқыңыз: Биыл СҚО-да 41 заңсыз қоқыс орны анықталып, толықтай тазартылды

