Аққайың ауданы Смирново ауылында жаңғыртудан өткен өрт сөндіру бөлімінің салтанатты ашылуына ТЖ министрі, облыс әкімі мен жеке құрам қатысты. Аталған бөлім ауданның 28 елді мекенін өрттен қорғауды қамтамасыз етеді. Бұл аумақта 17 мыңнан астам адам тұрады, деп жазады Qazaqstan Media.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген министр өрт сөндіру бөлімдерін жаңғырту құтқарушылар үшін заманауи жағдай жасауға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі екенін атап өтті.

«Соңғы жылдары біз он беске жуық өрт сөндіру депосын заманауи талаптарға сай жаңғырттық. Бүгін бұл жұмыс Солтүстік Қазақстан облысында жалғасуда. Біздің басты міндетіміз құтқарушыларға лайықты қызмет жағдайын жасап, оларды заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы және біз оны әкімдіктермен бірлесіп кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеміз. Әрбір аудан орталығы мен әрбір ауылда заманауи өрт сөндіру депосы болуы тиіс. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады», – деді Шыңғыс Әрінов.
Іс-шара барысында ведомство басшысы қызметкерлерге жаңа өрт сөндіру, инженерлік және мамандандырылған техниканың кілттерін табыс етті. Жергілікті атқарушы органның қаражаты есебінен бөлімшенің материалдық-техникалық базасы өрт сөндіру автоцистернасымен, ТРЭКОЛ қар-батпақ жүргішімен, вахталық автокөлікпен және жедел-құтқару автомобильдерімен толықтырылды.

Өрт сөндіру бөлімін жаңғырту барысында нысанға ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ғимараттың бір бөлігі бұзылып, оның орнына заманауи ангар салынды. Жеке құрамның тәулік бойы қызмет атқаруына қолайлы әрі функционалды жағдай жасалды. Бөлім газ-түтіннен қорғау қызметінің бекетімен, заманауи оқу сыныбымен, диспетчерлік пунктпен жабдықталды. Демалыс және жеке құрамды даярлау бөлмелерімен, сондай-ақ өрт-техникалық қару-жарақ пен жабдықтарды сақтау және қызмет көрсету аймақтарыда бар.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда медицина мамандарын өңірлердің сұранысына сай даярлайтын болады

