Тайынша ауданында Халықаралық балаларды қорғау күні тек концерттік және ойын-сауық шараларымен ғана емес, ауыл жастары үшін маңызды оқиғамен де ерекшеленді. 1 маусым күні ауданның алты елді мекенінде жаңа футбол алаңдары пайдалануға берілді. Спорт алаңдары Келлеровка, Красная Поляна, Горький, Қараағаш, Ильичевка және Донецкое ауылдарында ашылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Жаңа алаңдар балалар мен жасөспірімдер үшін үлкен сыйлық болды. Енді мектеп оқушылары спортпен шұғылдануға, белсенді демалуға және түрлі жарыстарға қатысуға көбірек мүмкіндік алды. Осы күні алаңдарда алғашқы жолдастық матчтар, көңілді эстафеталар, спорттық сайыстар мен ойын бағдарламалары ұйымдастырылды. Балаларға арнап концерт қойылып, аниматорлар шақырылды, сонымер қатар тәтті тағамдар таратылып, мерекелік көңіл көтеру шаралары өткізілді.

Спорт нысандарының ашылуы ауылдық инфрақұрылымды дамыту және өскелең ұрпақты қолдау бағытындағы ауқымды жұмыстың бір бөлігі болды. Ауданда балалардың білім алуына, спортпен айналысуына және шығармашылық қабілеттерін дамытуына жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінуде. Мерекелік іс-шараларға көптеген жергілікті тұрғындар, ата-аналар мен оқушылар жиналды.

Балалар үшін бұл күн нағыз үлкен мерекеге айналды. Олар үшін қызықты ойындар ұйымдастырылып, спорттық эстафеталар мен асфальтқа сурет салу байқаулары өткізілді. Тайынша ауданының әкімі Берік Әлжанов тұрғындарды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады. Ол балалар – елдің бүгіні мен болашағы екенін атап өтіп, оларға қамқорлық жасау мемлекет алдындағы басты міндеттердің бірі екенін айтты.

Сондай-ақ аудан басшысы ата-аналарға, педагогтерге, дәрігерлерге, әлеуметтік қызметкерлерге және балалар тәрбиесіне күн сайын күш-жігерін арнап жүрген барлық азаматтарға шынайы алғысын білдірді.

«Ата-аналарға, педагогтерге, дәрігерлер мен әлеуметтік қызметкерлерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздер күн сайын балаларды тәрбиелеуге білімдеріңізді, күш-жігерлеріңізді және жүрек жылуларыңызды арнап келесіздер. Еңбектеріңіз зор құрметке лайық. Қымбатты балалар! Жазғы демалысты пайдалы өткізіңіздер. Көбірек демалып, спортпен шұғылданып, кітап оқып, жаңа қызығушылықтарды ашыңыздар. Денсаулықтарыңызды нығайтып, күш-қуат жинап, келесі оқу жылына жаңа білім мен жетістіктермен қадам басыңыздар», – деді Берік Әлжанов.

Сонымен қатар, жақын арада Тайынша қаласында жаңа IT-орталық ашу жоспарланып отыр. Ол заманауи технологияларды, бағдарламалауды және креативті индустрияны оқытатын алаңға айналады. Бұл орталық балалар мен жастардың қабілеттерін ашып, білім алуына мүмкіндік береді деп күтілуде.

Аудандағы мереке жарқын әрі жылы атмосферада өтті. Балалар бұл күнді күлкіге, ойындарға, спорттық әсерлерге және көтеріңкі көңіл күйге толы ерекше мереке ретінде есте сақтады.

Тағы оқыңыз: Петропавлда ұшу аппараттарының облыстық байқауы өтті

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *