Петропавлда отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған форум өтті. Шара барысында полицейлер студенттерге құқықтық сауаттылықты арттыруға арналған дәрістер оқыды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жоғары Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжінде «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» айлығы аясында форум өтті. Шараға «Тыңдаймын. Қолдаймын. Қорғаймын» тақырыбы арқау болды. Тағылымы мол жиын жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Форумға қатысқан ұл-қыздар – болашақ ата-аналар.
Шара барысында полиция қызметкерлері студенттерге отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдары туралы дәрістер оқыды. Сонымен қатар, түрлі бейнероликтер көрсетілді. Мамандар тұрмыстық жанжалдың салдары, заң алдындағы жауапкершілік және зорлық-зомбылық белгілері туралы кеңінен түсіндірді. Айта кету керек, алдағы уақытта полицейлер игі акция аясында басқа да оқу орындарында түсіндіру жұмыстарын жүргізбек.
«Зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында облыс көлемінде ашық сабақтар өткізіп жатырмыз. Кездесу барысында жастарға зорлық-зомбылықтың белгілері және заң бұзған тұлғаларға қандай жауапкершілік қарастырылғаны туралы айтамыз», — деді СҚО ПД отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы бөлімінің инспекторы Малика Захриманова.
Тағы оқыңыз: Петропавлдағы «Береке» бөбекжай-бақшасында алғашқы түлектерді мектепке шығарып салу рәсімі өтті

