Биыл өңірде 73 461 оқушы оқу жылын тәмамдайды. Оның ішінде 6 778-і — 9-сынып, 3 927-сі — 11-сынып түлегі. Облыста «Алтын белгіге» 176 түлек үміткер. Сондай-ақ 263 он бірінші сынып оқушысы және 454 тоғызыншы сынып оқушысы үздік аттестат алуға ниетті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

25 мамыр күні барлық мектептерде «Білімім – Отаныма!» атты бірыңғай сынып сағаты өтеді. Онда оқу жылының қорытындысы шығарылып, оқушылардың жетістіктері мен мектеп өміріндегі маңызды сәттер айтылады.

26-29 мамыр аралығында 5-8 және 10-сыныптардың 33 995 оқушысы қазақ тілінен емтихан тапсырады. Емтихан күнін әр мектеп өзі белгілейді.

Облыста Ұлттық бірыңғай тестілеу де басталды. Биыл өңірде екі ҰБТ тапсыру пункті жұмыс істейді: Петропавл қаласында және Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда.

Облыста «Алтын белгіге» 176 түлек үміткер
Облыста «Алтын белгіге» 176 түлек үміткер

«ҰБТ тапсыруға арналған екі пункт дайын. Әр пунктте мемлекеттік комиссиялар құрылды. Тестілеу өтетін орындарда медициналық қызметкерлер, психологтар және құқық қорғау органдарының өкілдері кезекшілік етеді», — деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова.

Жоғары оқу орындарында білім грантына үміткерлер үшін жазғы ҰБТ-ға қатысу міндетті. Солтүстік Қазақстан облысында жазғы ҰБТ 12 мамырда басталып, 10 шілдеге дейін жалғасады.

Тестілеу компьютерлік форматта өтеді. Пәндер саны өзгермеген: үш міндетті және екі бейіндік пән. Барлығы 120 тест тапсырмасы беріледі. Ең жоғары балл — 140. Тестілеу уақыты — 240 минут. Ерекше қажеттілігі бар түлектерге тиісті құжаттары болған жағдайда қосымша 40 минут беріледі.

«Әр абитуриент ҰБТ-ны екі рет тапсыра алады. Екі сертификат та жарамды. Грант конкурсына түлек ең жоғары нәтижесімен қатыса алады. Тестілеу нәтижесі емтихан аяқталғаннан кейін бірден қолжетімді болады», — деді ол.

Егер түлек нәтижемен келіспесе, сол жерде электронды форматта апелляция бере алады.

Биыл да түлектер кешін өткізуге қатысты талаптар қатаң сақталады. Мейрамхана, кафе, банкет залы, демалыс базасы немесе табиғат аясында салтанатты іс-шара өткізуге тыйым салынады. Сондай-ақ ата-аналардан ақша жинауға, сыйлық талап етуге, автокортеж ұйымдастыруға болмайды.

«Басты міндет — балалар үшін қауіпсіз, мейірімді әрі мерекелік атмосфера қалыптастыру. Сонымен қатар ата-аналарға артық қаржылық салмақ түспеуі керек», — деді спикер.

Аттестат пен куәлік тапсыру рәсімдері тек мектеп аумағында өтеді. 11-сынып түлектеріне аттестат тапсыру күні 17 маусымға, ал 9-сынып түлектеріне 15 маусымға ұсынылып отыр.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда үздік курсанттарға бірден «аға лейтенант» атағы беріледі

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *