Петропавлдағы Қозыбаев университетінде өңірлік білім беруді дамыту мәселелеріне арналған педагогикалық форум өтті. Оған 500-ден астам адам қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Форумға педагогтер, мектеп директорлары, әдіскерлер, студенттер және мемлекеттік мекеме өкілдері жиналды. Биыл екінші рет ұйымдастырылған шарада кадр даярлау, оқушыларға кәсіптік бағдар беру және педагогикалық білім беру бағдарламаларын жаңарту мәселелері талқыланды.

Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова онлайн қатысты. Ол мемлекет тарапынан педагог мәртебесін арттыруға ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты. Вице-министрдің сөзінше, мұғалімдерді әлеуметтік және кәсіби қолдау, еңбек жағдайын жақсарту, олардың кәсіби өсуіне мүмкіндік жасау — білім саласындағы басты бағыттардың бірі.

Форум аясында бірнеше тәжірибелік іс-шара өтті. СҚО-дағы кәсіптік бағдар берушілерге тренинг ұйымдастырылып, педагогикалық мамандық студенттері аудандық білім бөлімдерінің басшыларымен кездесті. Сондай-ақ қатысушылар инновациялық мектеп мұғалімдерімен пікір алмасып, университеттің заманауи зертханаларын аралады.

Бұдан бөлек, мектеп директорлары үшін академиялық адалдық тақырыбында арнайы сессия өтті. Онда қатысушыларға білім беру ұйымдарындағы адалдық қағидалары түсіндірілді.

Форумның маңызды бөлігі — бос жұмыс орындары жәрмеңкесі болды. Оған Петропавл қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысының аудандарынан 20-ға жуық білім беру ұйымы қатысты. Жәрмеңкеге 500-ге жуық болашақ педагог келді.

СҚО әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұловтың айтуынша, мұндай шаралар жас мамандарды жұмысқа орналастыруға көмектеседі. Былтыр өткен алғашқы форумнан кейін университеттің 493 түлегінің 490-ы жұмысқа тұрған.

Айта кетейік, Қозыбаев университетінде педагог кадрларын даярлау 1937 жылдан бері жүргізіліп келеді. Қазір мұнда педагогикалық бағыттағы 38 білім беру бағдарламасы бойынша 2433 студент пен 187 магистрант білім алып жатыр.

Тағы оқыңыз: Оқушылардың қорытынды емтихан мерзімдері бекітілді

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *