Петропавлда «Үйді басқару, жауапкершілік, сенім, нәтиже» тақырыбында облыстық форум өтті. Шара «AMANAT» партиясының «Тұрғындар аманаты» жобасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Маңызды жиында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер көтеріліп, оларды шешу жолдары талқыланды. Форумға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты.

«СҚО-да 1600-ден астам көппәтерлі баспана бар. 200-ге жуық пәтер иелері кооперативі жұмыс істейді. Біз «Тұрғындар аманаты» жобасы аясында тұрғын үйлерді басқару процестерінің ашықтығын арттырып, қаржылық есептілікті цифрландырғымыз келеді. Сонымен қатар, тұрғындардың шешім қабылдау процесіне белсенді қатысқанын қалаймыз. Алдағы уақытта осы айтылғандар бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз», — деді СҚО әкімі.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын дамытуда тазалық жұмыстарына ерекше көңіл бөлінген. Бұл бағытта теріскейліктер белсенділік танытуда. 28-наурыздан бастап облыста өткен сенбіліктер мен бейсенбіліктерге 90 мыңға жуық жергілікті тұрғын қатысты. 1300 тұрғын үй мен 600-ге жуық ескерткіш тазаланды. Барлығы 112 мың тонна қоқыс шығарылды. Айта кету керек, шараға «AMANAT» партиясының хатшысы Александр Данилов арнайы қатысты.

«Біздің басты мақсатымыз — көпқабатты баспаналарда тұратын тұрғындардың тұрмысын жақсарту, ПИК пен халық арасындағы қарым-қатынасты оң жолға қою. Тұрғындардан жиналған ақшаның тиісті жерге жеткенін және қалтаға басылмағанын қалаймыз. Сонымен қатар, баспаналарды жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілсе екен дейміз. Осы мақсатта «Тұрғындар аманаты» жобасын іске қостық», — деді «AMANAT»партиясының хатшысы Александр Данилов.
Шара барысында инженерлік желілердің тозуы, төлемдер мен тұрғын үйлерді басқару мәселелері де көтерілді. Шара соңында облыстық ТҮКШ саласының дамуына зор үлес қосқан 30-ға жуық адам марапатталды. Олар Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің төсбелгілерімен және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Тағы оқыңыз: Студенттерге суды үнемдеу әдісі үйретіледі

