Қазақстанда көктемгі егіс жұмыстарының барысын бақылау үшін жасанды интеллект элементтері бар цифрлық платформа пилоттық режимде іске қосылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов биыл егіс алқаптарының жалпы көлемі 23,8 млн гектардан асатынын айтты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға көп. Майлы дақылдар 4 млн гектардан, жемшөп дақылдары 3,3 млн гектардан асады. Ал бидай алқабы 125 мың гектарға қысқарып, 12,1 млн гектарды құрайды.

Егіс науқанын сапалы өткізу үшін шаруалар техникамен және жеңілдетілген дизель отынымен қамтамасыз етілуде. Қазір 133,9 мың трактор, 5,6 мың егіс кешені және 71,4 мың сепкіш жұмысқа дайын. Биыл ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту деңгейін 8%-ға жеткізу жоспарланған.

Сонымен қатар, науқанға 402 мың тонна жеңілдікті дизель отыны бөлінді. Оның 204,7 мың тоннасы өңірлерге жөнелтілген.

Азат Сұлтановтың айтуынша, тұқым сапасын бақылау да күшейтіледі. Ал элеваторларды салу және жаңғырту бойынша жеңілдетілген қаржыландыруға өтінімдер қабылдау басталған. Қаржыландыру толық қамтамасыз етілсе, астық сақтау қуатын 1 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Премьер-министр Олжас Бектенов егіс жұмыстарын уақытылы әрі сапалы жүргізу елдің азық-түлік қауіпсіздігі үшін маңызды екенін атап өтті.

Тағы оқыңыз: Елімізде негізгі ҰБТ басталды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *