Бүгін ел тұрғындары бір уақытта жаппай ағаш екті. Игі акциядан солтүстікқазақстандықтар да қалыс қалмады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Таң сәріден Петропавл тұрғындары мен еңбек ұжымдары Пестрое көлінің маңына жиылды. Олар алдағы уақытта экопарк салынатын аумаққа жаппай ағаш екті. Басты мақсат — қоршаған ортаға көрік беру, жасыл желектің санын көбейту. Игі шарадан өңір ардагерлері де қалыс қалмады.

«Тәрбие — тазалықтан басталады. Өз басым бүгінгі шараға жастардың көп келгені қуантады. Бұл дегеніміз қоршаған ортаның тазалығына бейжай қарамайтын өскелең ұрпақтың өсіп келе жатқаны. Игі акциялар алдағы уақытта да көптеп өткізілсе екен деймін», — спорт ардагері Бауыржан Құлжанов.
Бұл күні тазалық шарасы еліміздің түкпір-түкпірінде өтті. Акцияның өтуіне Мемлекет басшысы мұрындық болды. Ол тікелей эфирде ағаш егіп жатқан жандарға алғысын білдірді. Айта кету керек, әр өңірдің басшылары телекөпір арқылы атқарылған жұмысты баяндады.
Бүгінгі өткен шараға еңбек ұжымдары да көптеп жиналды. Мәселен, «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ-нан Пестрое көліне 25 адам келген. Кәсіпорын мамандары тазалық акцияларынан қалмайды.

«Біз жалпықалалық акциялардан қалмаймыз. Кәсіпорын маңын да үнемі ретке келтіреміз. Тазалық болмаса кез келген жұмыс алға баспайды.», — кәсіпорынның тұтынушылармен жұмыс жасау бөлімінің маманы Дина Бегалина-Қожахметова.
Шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов белсене қатысты. Ағаш егіп, көгалдандыру жұмыстарын бақылады. Бүгінгі шарада ағаш отырғызылып қана қойған жоқ. Пестрое көлінің маңы күл-қоқыстан тазартылды. «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен шара жастар көп жиналған. Оның ішінде мектеп оқушылары да бар.

«Мен Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқимын. Біз үнемі оқу орнының аумағында сенбіліктер ұйымдастырамыз. Бүгінгі шараның өтетінін әлеуметтік желіден көрдім. Өз үлесімді қосқым келді», — деді Томирис Марат.
2024 жылы бастау алған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында екі млн тонна қоқыс шығарылған. Сонымен қатар, 5,5 млн-нан астам көшет отырғызылды. Ал бүгін Пестрое көлінің маңында өткен шараға 450 адам қатысып, 200 ағаш егілді.
Айта кету керек, облыс бойынша игі акцияға 12 мыңнан астам адам қатысып, 70 мың көшет отырғызылды.
Тағы оқыңыз: Жамбыл ауданында 100 ағаш пен 1000 көшет отырғызылды

