Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданындағы Достық ауылында жоғары жылдамдықты интернет іске қосылды. Енді ауыл тұрғындары үшін жылдам әрі тұрақты байланыс қолжетімді болды, деп жазады Qazaqstan Media.
Меморандум нәтижесі
Жағымды жаңалық аудан әкімі Рахат Смағұловтың төрағалығымен өткен Достық ауылы тұрғындарымен кездесуде айтылды. Кездесуге Солтүстік Қазақстан облысы цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Азамат Байтимиров пен «Транстелеком» АҚ-ның «Көкшетаутранстелеком» филиалының басқарушы директоры Асқар Досмағамбетов қатысты.
Айта кетейік, 2026 жылғы 9 сәуірде Мағжан Жұмабаев ауданы әкімдігі мен «Көкшетаутранстелеком» филиалы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Құжатқа аудан әкімі Рахат Смағұлов пен филиал басшысы Асқар Досмағамбетов қол қойған. Тараптар бұл бастама өңірдегі интернет сапасын жақсартып, шалғай елді мекендерді байланыспен қамтуға жол ашатынын атап өткен еді.
Осы меморандум аясында қысқа мерзім ішінде Авангард ауылдық округіне қарасты Достық ауылында пилоттық жоба жүзеге асырылып, GPON технологиясы арқылы интернет тартылды. Бұл технология аудан аумағында алғаш рет дәл осы Достық ауылында қолданылып отыр.

Жоба тұрғындардың көптеген өтініштерін ескере отырып, алғашқы кезеңде іске асырылған. Мамандардың айтуынша, GPON технологиясы деректерді жоғары жылдамдықпен жеткізеді. Жүктеме көп болған жағдайда да тұрақты әрі сенімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Ал магистральдық желі радиорелейлік байланыс желілері мен Starlink спутниктік жүйесі арқылы ұйымдастырылған. Бұл шешім тіпті шалғай аймақтарда да сапалы әрі қолжетімді интернетпен қамтуға жағдай жасайды.

Алдағы жоспар
Жиында жоба аясында ауылды сапалы интернетпен толық қамтамасыз ету және ауданның өзге де ауылдарын кезең-кезеңімен қосу жоспары таныстырылды. Кездесу барысында тұрғындардың сұрақтарына жауап беріліп, цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасатыны айтылды.
Мамандар
«Бұл жоба ауданның басқа да сирек қоныстанған елді мекендерінде қолдануға тиімді»,-деп атап өтті мамандар.
Осылайша, Мағжан Жұмабаев ауданында интернетке қолжетімсіз аумақтарды азайтуға мүмкіндік берді. Ауыл тұрғындарының білім беру, денсаулық сақтау мен цифрлық қызметтерге қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған маңызды қадам жасалып отыр.
Тағы оқыңыз: Ұлттық кітап күні: елде Кітап апталығы басталды

