16-сәуір күні Уәлиханов ауданында жергілікті жастармен ауқымды кездесу өтті. Іс-шараны аудандық ішкі саясат бөлімі Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп ұйымдастырды. Бұл жолы басты назар қоғамдағы бейбітшілікті сақтау мен түрлі ұлт өкілдері арасындағы достықты нығайтуға аударылды. Ұйымдастырушылар жастарды ел мен өңір өміріндегі өз рөлін ашық талқылау үшін бір алаңға жинады, деп жазады Qazaqstan Media.
Кездесу барысында Жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Салтанат Исина маңызды мәселелерге тоқталды. Әсіресе, ұлтаралық келісімді нығайту тақырыбы кеңінен қозғалды. Спикердің айтуынша, халық бірлігі – мемлекеттің өркендеуінің басты кепілі. Ол қоғамда әрбір этностың мәдениеті мен дәстүріне құрметпен қараудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар, кез келген арандатушылық әрекеттерге жол бермеу және өзара түсіністікті сақтау қажеттігін егжей-тегжейлі түсіндірді.
Жиын барысында қауіпсіздік мәселелері де назардан тыс қалмады. Салтанат Исина заңсыз акцияларға қатысудың қауіп-қатерін нақты түсіндіріп, жастарды арандатушылық үндеулерге ермеуге шақырды. Ол әр азамат аудан мен елдегі тұрақтылықты сақтауға жауапты екенін ерекше атап өтті.
«Біз ауданымыздағы әрбір жастың қолдауды сезініп, дамуға нақты мүмкіндік көргенін қалаймыз. Бүгінгі міндетіміз – жастарға кәсіби бағдар беріп, достық пен заңның құндылығын ұғындыру. Бірлік пен өзара көмек әрдайым басты ұстанымымыз болып қала береді», – деді аудандық Жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Салтанат Исина.
Кездесу барысында жастардың кәсіби болашағы да талқыланды. Мамандар жұмысқа орналасу және өз жолын табу жөнінде пайдалы кеңестер берді. Мұндай кешенді жұмыс жастардың тек қызмет табуына ғана емес, елінің саналы да жауапты азаматы болып қалыптасуына ықпал етеді. Кездесу соңында ұйымдастырушылар белсенді қатысқаны үшін алғыс айтып, жастардың сұрақтарына жауап берді.
Тағы оқыңыз: СҚО кәсіпкерлері биыл «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша 8,6 млрд теңге несие алған

