Көктемгі егіс жұмыстарының қарсаңында өңір диқандары бас қосты. Петропавлда «Агроөнеркәсіптік кешендегі технологиялық жаңғырту және жасанды интеллектіні пайдалану» атты семинар-кеңес өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Маңызды жиында өткен жыл қорытындыланып, алдағы уақытқа жоспар құрылды. Еңбеккерлерге өнімділікті арттыру бағытында мол ақпар берілді. Шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты.

«Өткен жылы облыста ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 1 трлн теңгеден асты. Диқандарымыз 7 млн тоннадан астам өнім алды. Бұның барлығы — қажырлы еңбек пен мемлекет қолдауының арқасы», — деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Семинар-кеңеске ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин арнайы келген. Ол еңбеккерлерге мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетіліп жатқанын айтып берді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіптік кешен экономикамиканың басты салаларының бірі екенін атап өтті. Ауыл шаруашылығына цифрлық технологияларды енгізуіміз қажет. Былтыр елімізде еңбеккерлерді қолдауға 1 трлн теңге бөлінді. Нәтижесінде 27 млн тоннаға жуық өнім алдық. Бұл 2024 жылға қарағанда 1 млн тоннаға көп. Қазіргі таңда диқандар «Кең дала», «Кең дала-2»бағдарламалары бойынша және «ҚазАгроФинанс» АҚ арқылы жеңілдетілген пайызбен несие ала алады», — деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.
Биыл облыс диқандары 4 млн 300 мың гектар аумаққа дән сіңірмек. Өңірімізде дәнді дақылдар алқабы қысқартылып, есесіне майлы және жем-азық жерлері кеңейтіліп отыр. Мемлекет тарапынан еңбеккерлерге зор қаржылық қолдау көрсетілген. Маңызды ақпармен облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов бөлісті.

«СҚО — еліміздегі ірі аграрлық өңірлердің бірі. Биыл облыс диқандарына «Кең дала», «Кең дала-2» бағдарламалары аясында 100 млрд теңге несие берілді. Серіктестіктер берілген қаражатқа заманауи техника, тұқым, жанармай сынды қажетті дүниелерін сатып алды. Көктемгі егіс жұмыстарына толығымен дайынбыз деп айта аламын. Маңызды істі сәуірдің ортасында бастауды жоспарлап отырмыз», — деді Марат Тасмағанбетов.
Шара аясында кең көлемді көрме қанат жайды. Аграрилер назарына жаңа техникалар, агродрондар мен сапалы тұқым түрлері және гербицидтер ұсынылды. «Жаздың бір күні қыстың мың күнін асырайды» демекші, мұндай маңызды жиындар жиі өтіп тұруы тиіс», — дейді жиынға қатысқан диқандар.
Тағы оқыңыз: Ғабит Мүсірепов ауданында тазалық шарасы өтті

