Солтүстік Қазақстан облысында сот мүмкіндігі шектеулі баланың құқығын қорғады. Баланың анасы сотқа жүгініп, медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясының мүгедектік белгілеуден бас тартуын заңсыз деп тануды сұраған, деп жазады Qazaqstan Media.
Белгілі болғандай, бала кішкентайынан бері ауыр дерт — ювенильді идиопатиялық артритпен ауырады. Бұл ауру буындарды зақымдап, қозғалысты қиындатады. Бала үнемі ем қабылдап, дәрігерлердің бақылауында болған. Сондай-ақ оған ота жасалып, денсаулығына байланысты үйде оқыту тағайындалған.
Алайда 2025 жылғы қазанда қайта тексеруден өткен кезде өңірлік сараптамалық комиссия балаға мүгедектік беруден бас тартқан. Комиссия өз шешімін ағза қызметінде тұрақты бұзылыс жоқ деп түсіндірген.
Істі қараған сот сараптама кезінде елеулі заңбұзушылықтар болғанын анықтады. Атап айтқанда, тексеруге қажет мамандар — ревматолог, травматолог және ортопед қатыстырылмаған. Соған қарамастан комиссия шешім қабылдап үлгерген.
Бірінші сатыдағы сот бұл бас тартуды заңсыз деп танып, оның күшін жойды. Облыстық сот та осы шешіммен келісіп, рәсімдік бұзушылықтар істің нәтижесіне тікелей әсер еткенін атап өтті.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жол-құрылыс техникасын құрастыратын алғашқы өндіріс іске қосылды

