Елімізде жаттықтырушылардың жалақысы өседі. Бұл бастама Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асырылады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Солтүстік Қазақстан облысында бүгінде 28 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Онда 55 спорт түрі бойынша 13 700-ден астам бала тегін жаттығады. Жас спортшылармен 682 жаттықтырушы-оқытушы жұмыс істейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалар мен жасөспірімдер спортын қолдауға және оны қаржыландыру тетіктерін жетілдіруге бағытталған Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Құжат балалар мен жасөспірімдер спорт мектептеріне нормативтік қаржыландыруды енгізуді көздейді. Бұған дейін қаражат сметалық қағидат бойынша бөлініп, бір спортшыға жылына орта есеппен 233 мың теңге қарастырылғае. Енді қаржыландыру әр балаға жеке жүргізіледі, ал ең төменгі норматив 415 мың теңгеге дейін ұлғаяды.
Сонымен қатар жаттықтырушы-оқытушылардың жалақысын арттыру да қарастырылған. Енгізілген өзгерістерге сәйкес, олар біліктілік тестілеуден өтіп, ұлттық дайындық стандарттарын сақтаған жағдайда, лауазымдық жалақысына 30% үстемақы алады.
Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облысында 25-тен астам жаттықтырушы тиісті оқудан өтіп, қосымша ақы алып отыр. Қалған мамандар кезең-кезеңімен біліктілігін арттыруда.
«Бұл өзгерістер іс жүзінде табыс деңгейіне де әсер етуде. Бұған дейін қалалық спорт мектебіндегі жаттықтырушының орташа жалақысы шамамен 184 мың теңгені құраса, өсімнен кейін ол 240 мың теңгеге дейін жетті», — деді СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.
Жалпы еліміз бойынша балалар мен жасөспірімдер спорты жүйесінде 526 спорт мектебі жұмыс істейді. Онда 398 мыңнан астам бала жаттығады, ал жаттықтырушылар саны 15 мыңнан асады. Қабылданған шаралар жаттықтырушы мамандығының беделін арттыруға, білікті кадрларды тартуға және спорттық резервті даярлаудың тұрақты жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
Тағы оқыңыз: Петропавлда «Эко IQ: Таза Қазақстан» зияткерлік ойыны өтті

