Петропавлда полицейлер тәркіленген алкоголь өнімдерінің ірі партиясын жойды. Барлығы 600 литр ащы су өнімдері полигонға шығарылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Бульдозер астына суррогат өнімдер, сондай-ақ түнгі уақытта немесе 21 жасқа толмаған азаматтарға сатылған ішімдіктер түсті. Тәртіп сақшылары атап өткендей, алкоголь криминогендік факторлардың бірі болып қала береді. Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысында кісі өлтіру қылмыстарының 90%-дан астамы мас күйінде жасалған, олардың едәуір бөлігі отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясында орын алған.
Жалпы алғанда, 2025 жылдың қорытындысы бойынша мас күйінде жасалған қылмыстардың үлесі 30%-дан асады. Полицейлер халықтың алкоголизациясына қарсы бағытталған кешенді шаралар қабылдауда. Олардың қатарында қоғамдық орындарда ішімдік ішу фактілерінің жолын кесу, маскүнемдерді мәжбүрлеп емдеуге жіберу, сондай-ақ контрафактілік өнімдермен күрес бар.
«Жыл басынан бері облыс орталығында полицейлер антиалкогольдік заңнаманы бұзғаны үшін 25 сауда нысанының иелерін жауапкершілікке тартты. 1200-ге жуық литр спирт құрамды өнім тәркіленді. Оның 600 литрі полигонға шығарылып, жойылды, қалғаны барлық қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін осында жеткізіледі», — деді СҚО ПД баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: 2025 жылы СҚО-да 10 мал ұрлығы тіркелді

