Наурыз айында ҰҚК Шекара қызметі мемлекеттік шекарада заңсыз көші-қон, контрабанда және есірткі айналымына қарсы бірқатар жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізді. Соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысында синтетикалық есірткі дайындауға арналған 5100 литр прекурсордың ірі партиясы анықталды, деп жазады Qazaqstan Media.
Биыл наурыз айында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі мемлекеттік шекара арқылы заңсыз көші-қонға, контрабандаға және есірткі заттарының таралуына қарсы іс-қимылды күшейтті.
«Солтүстік Қазақстан облысында «синтетикалық есірткілерді» дайындауға арналған көлемі 5100 литр прекурсорлардың ірі партиясы табылды. Жалпы, жыл басынан бері 9 620 литр химиялық заттардың («Тұз қышқылы», «Ацетон», «Фениппентан») және 1000 кг «Бромкетон-4» затының заңсыз тасымалдануының жолы кесілді»,-деп хабарлайды ҰҚК баспасөз қызметі.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде аталған прекурсорлардың соңғы алушылары анықталып, есірткі зертханалары жойылды.
Жедел іс-шаралар басқа өңірлерде де нәтижесін берді. Мәселен, Ақтөбе облысында жүк көлігінің тіркемесінде өткізу пунктінен жасырын өтпек болған 18 шетел азаматы ұсталды. Ал Жамбыл облысында шекарашылар шетелге 1 млрд теңге сомасына 160 тонна кен мен бағалы металдар концентраттарын, яғни құрамында алтын бар құмды заңсыз әкету әрекетінің жолын кесті.
Аталған фактілер бойынша материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін құзыретті органдарға жолданды.
Тағы оқыңыз: Ауа температурасының көтерілуі су тасқыны қаупін арттырды

