Петропавлдағы Наурыз мерекесі жай ғана аталып өткен жоқ. Қала нағыз думанның ортасына айналды. Әдетте сабырлы солтүстік ырғағымен өмір сүретін шаһар бірнеше күнге жарқын әсерлер, әсем шоу мен әуенге толы болды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Бас және орталық алаңдарда үлкен фотозоналарға толы болды. Зәулім киіз үйлер мерекенің жүрегіндей болып, адамдарды өзіне тартады. Жанында көз тартарлық сәндік композициялар, тіпті қолдан жасалған таулар да бар.
Қазақстан Конституциясы көшесі жанданып, әуенге бөленіп, құлпыра түсті. Жан-жағында қызғалдақтар. Тіпті ауаның өзі түске боялғандай әсер қалдырады.
Тұрғындар үлкен мерекелік концертті тамашалауға қуана жиналды. Сахна бір сәт те бос тұрған жоқ: әндер, билер, халық әуендері мен заманауи ырғақтар алма-кезек орындалды. Адамдар қосылып ән айтты, қол соқты, телефонға түсіріп, сол сәттің ләззатын сезінді. Бүкіл қала көктемді бірге қарсы алу үшін жиналғандай әсер қалдырды.

Әрине, мерекені дәм мен хош иіссіз елестету мүмкін емес. Ауада кәуаптың, жаңа піскен тағамдардың, тәттілердің иімі самсап тұрды. Жәрмеңкелер мен қолөнер көрмелері — Наурыздың ажырамас бөлігі. Олар биыл да шеберлер мен қонақтарды жинап, ұлттық мәдениет пен дәстүрдің байлығын еске салды.
«Бұл мереке әлдеқашан бізге жақын болып кетті. Мұнда шынайы бірлік сезіледі. Осындай әсемдік үшін рахмет, қаламды танымай қалдым», — дейді петропавлдық тұрғын Елена Колачкина.
Шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Ол мерекенің маңыздылығына тоқталды.

«Бұл көне мереке жақсылық пен жасампаздықтың салтанатын білдіреді. Қуаныш пен үмітке толы, терең философиялық мәні бар. Бабаларымыз бұл жарық мейрамды табиғаттың жаңаруын білдіретін күн ретінде атап өткен. Бұл күндері адамдар бір-біріне қонаққа барып, өкпе-ренішті кешіреді, мол дастархан жаяды. Жылулық пен қолдау бөлісіп, жақсылық жасайды», — деп құттықтады өңір басшысы.


Айта кету керек, мерекеге дайындық 22-наурыздан әлдеқайда ерте басталады. Биыл Петропавлдың қалай құлпырып, өзгергеніне қарап, бұл дәстүрдің қарқыны артып келе жатқанын көруге болады. Мереке бүкіл қала асыға күтетін үлкен оқиғаға айналып келеді.

Тағы оқыңыз: Наурыз Бескөлде: дәстүр, дәм және достықтың мерекесі

