Петропавлда кісі өлімімен аяқталған қылмыстық іске нүкте қойылды. Ер адамның кеудесіне пышақ сұғып, мерт қылған әйел екі жылға сотталды, деп жазады Qazaqstan Media. 

Қайғылы оқиға былтыр 31 желтоқсан күні болған. Сотта белгілі болғандай 43 жастағы Марина Грудева сүйіктісі Малышевпен бірге пәтер жалдап тұрған. Сол күні екеуі де мас болыпты. Араларында жанжал туындайды. Марина ас үйде ыдыс жуып тұрған кезде, ер адам сыртынан келіп мойынынан құшақтап тұншықтыра бастайды. Грудева оны итеріп, босап үлгереді. Бірақ, сүйіктісі оған қайта шабуыл жасамақ болады, сол кезде сотталушы өзін қорғамақ ниетте қолына пышақ алып, кеуде тұсына сұғып алады. Жарақаттанған еркек келесі бөлмеге дейін жетіп, құлайды. Грудева болса бірден көршілеріне жүгіріп, жедел жәрдем шақыруды өтінеді. Алайда, дәрігерлер жеткенше Малышев көз жұмады. 

Алғашында сотталушыға ҚР ҚК 99 бабы- адам өлтіру бойынша айып тағылды. Бірақ, сот барысында алқабилер соты істі басқаша бағалады. Әйел өзін қорғамақ болған, бірақ қорғану шегінен асып, соңы адам өліміне ұласқан.  Ең бастысы — оның сол кездегі жағдайы ескерілді.

«Қылмыстық іс бойынша айыптау үкімімен анықталған мән-жайларға сүйене отырып, сотталушы Грудевадың әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 102-бабы бойынша, яғни қажетті қорғаныс шегінен асып кету кезінде жасалған адам өлтіру деп сараланды», — деді судья Дастан Исмаилов.

Жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның кінәсін мойындауы, өкінуі және денсаулық жағдайы ескерілді. Сотталушының басында ісік бары да назарға алынды. Ал жазаны ауырлатқан жағдай — көп жағдайда кездесетіндей, алкогольдік ішімдік.

Нәтижесінде Марина Грудеваға екі жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол бұл жазаны колония-қоныста өтейді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда көлік салығы азаяды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *