Қазақстанда үлестік құрылыс саласындағы талаптар тағы да күшейтілді. Енді құрылыс компаниялары мемлекеттің тиісті рұқсаты мен кепілдігінсіз үлескерлердің қаржысын тарта алмайды. Ал мұндай нысандарға банктер де ипотека рәсімдемейді. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп жазады Qazaqstan Media.

Үкімет басшысының айтуынша, жаңа талаптардың басты мақсаты – азаматтардың қаражатын қорғау. Құрылыстың ашықтығын арттыру және нарықтағы заңсыз әрекеттерге тосқауыл қою.

«Үлестік құрылыс саласындағы талаптар күшейтілді. Мемлекеттің тиісті рұқсаты мен кепілдігінсіз құрылыс компаниялары енді үлескерлердің қаражатын тарта алмайды, ал банктер ипотека бермейді», — деді Олжас Бектенов.

Премьердің сөзінше, жаңа ережелерде құрылыс нысандарының қауіпсіздігіне де ерекше мән берілген. Әсіресе, сейсмикалық қауіпсіздік талаптары күшейтілген. Бұл – болашақтағы тұрғын үйлердің сапасы мен тұрғындардың амандығына тікелей әсер ететін маңызды қадам.

Сонымен қатар, билік елді мекендердегі тығыз әрі заңсыз құрылыстың алдын алу үшін егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына енгізілетін өзгерістерді бақылауды да күшейтпек. Яғни, құрылыс енді тек қарқынмен емес, нақты тәртіппен жүруі тиіс.

Қазақстан құрылыс саласын заңнамалық тұрғыда ғана емес, цифрлық бағытта да жаңғыртуға кірісті. Осы мақсатта бірыңғай құрылыс порталы іске қосылады. Үкіметтің пікірінше, бұл жүйе саладағы ашықтықты арттырып, шашыраңқы платформаларды бір арнаға тоғыстырады.

«Бірыңғай құрылыс порталы саладағы ашықтықты арттырады, «бір терезе» қағидаты бойынша бытыраңқы жүйелерді біріктіреді және артық бюрократия мен мерзімдерді қысқартады», — деді премьер-министр.

Сондай-ақ Олжас Бектенов Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, шілде айының соңына дейін құрылыс жобаларын сараптауға арналған жасанды интеллект модульдерін пилоттық режимде іске қосуды тапсырды.

Бұдан бөлек, өңір әкімдіктеріне 1 маусымға дейін бас және егжей-тегжейлі жоспарларды қала құрылысы кадастрына көшіру жұмыстарын аяқтап, барлық құжатты цифрлық форматқа жүктеу міндеті жүктелді.

Осылайша, Үкімет құрылыс саласында «алдымен рұқсат, сосын ғана қаржы» қағидатын бекемдей түсті. Бұл талаптар үлескерлер үшін қосымша қорғаныс болса, құрылыс компаниялары үшін жауапкершілікті күшейтетін жаңа кезеңнің басталғанын аңғартады.

Тағы оқыңыз: СҚО-да референдумды «Ел даусы» қорының байқаушылары бақылайды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *