Петропавлда көпқабатты үйлерге ресми түрде қызмет көрсете алатын бірде-бір лицензияланған басқарушы компания жоқ. Қалалық үйлердің жартысынан көбі тіпті басқару формасынсыз тұр, деп жазады Qazaqstan Media.
Петропавлдағы көппәтерлі үйлерге ресми қызмет көрсететін ешкім жоқ. Осы және қалалық тұрғын үй қорының өзге де мәселелері Қоғамдық кеңестің отырысында талқыланды.
Жыл өткен сайын тозығы жеткен үйлер көбейіп келеді. Ескі көпқабатты үйлердің жартысына жуығында тәртіпті қадағалайтын, жауап беретін ұйым жоқ.
Заң бойынша тұрғындар өз үйлерін басқару тәсілін таңдай алмаған жағдайда, жергілікті атқарушы органдар уақытша басқарушы компанияны анықтауы тиіс. Бірақ іс жүзінде бұл қиын. Өйткені конкурсқа тек лицензиясы бар ұйымдар ғана қатыса алады. Ал Петропавлда қазір ондай ұйым жоқ.
Петропавл қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Талғат Ақпаровтың айтуынша, қалада екі басқарушы компания жұмыс істегенімен, олардың лицензиялары жоқ.
«Петропавлда ресми түрде екі басқарушы компания бар, бірақ лицензиясыз жұмыс істейді. Соның бірі – “Тұрғын үй қызметі” ЖШС. Ол тек мемлекеттік тұрғын үй қорымен, яғни жалға берілетін коммуналдық тұрғын үймен айналысады. Екіншісі тұрғындардың меншігіндегі үйлерді алады. Бірақ тұрғын үй қорының көлемі оның мүмкіндігінен едәуір асып түседі», – деді ол.
Лицензия алу да оңай емес. Ол үшін кәсіпорын басшысы Астанадағы сертификаттау орталығында тестілеуден өтуі керек. Онда тұрғын үй қатынастары туралы заңнаманы және төрағаның міндеттерін білетінін дәлелдеуі тиіс. Бірақ мамандардың айтуынша, ниет білдірушілер аз.
«Біз басқарушы компаниялармен жиналыстар өткізіп, лицензия алудың қажеттігін түсіндіреміз. Қалада үш лицензияланған компания пайда болғаннан кейін конкурс өткізіп, басқарушы ұйымдарды бір жылға конкурстық тәртіппен тағайындай аламыз», – деп қосты Талғат Ақпаров.
Қоғамдық кеңес мүшелері мамандарды Астанаға жібермей-ақ, жергілікті жерде оқытып, осында тестілеуден өткізуді ұсынды. Бұл компаниялардың шығынын азайтып, Петропавлдың тозығы жеткен көпқабатты үйлерінің коммуналдық мәселелерімен айналысқысы келетіндердің қатарын көбейтуі мүмкін.
Тағы оқыңыз: СҚО-да екі мектеп үш ауысыммен оқып жатыр

