Алдағы уақытта Солтүстік Қазақстан облысы мен Беларусь елі арасында тауар айналымы артуы мүмкін. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов пен Қазақстандағы Беларусь Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Алексей Богданов кездесуінде айтылды, деп жазады Qazaqstan Media.

Жиын екіжақты ынтымақтастықты талқылау форматында өтті. Кездесу барысында агроөнеркәсіп саласындағы серіктестікті нығайту, тауар айналымын кеңейту, жаңа бірлескен бастамаларды іске қосу мәселелері қаралды. Беларусь өкілдері өңірге бірқатар бағыт бойынша жұмыс істеуге дайын екенін айтты. Оның ішінде: агросалада: жаңа технологиялар, асыл тұқымды мал жеткізу, бидай өңдеу, заманауи астық қоймаларын салу.  Қала инфрақұрылымында: жаңа лифттер орнату, су айдайтын насостар, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу жобалары. Алайда ұсыныстардың тиімділігі ең алдымен баға мен сапаға байланысты болатыны атап өтілді.

СҚО әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов өңірде Беларусь өнімдеріне сұраныс барын айтты.

«Бізде Беларусь өнімдері дүкені бар. Қазіргі кезде оның өнімдерін тұрғындар кең қолдануда. Бұл екі жақтың арасында жақсы әріптестік орнағанын көрсетеді. Ауыл шаруашылығы саласында да әріптестік орнатуға қарсы емеспіз. Егер тиімді құрал-жабдық болса, қарастыруға болады. Бағасы мен сапасы сәйкес келсе, жұмыс істеуге болады», — деді ол.

Марат Тасмағанбетов инвесторларға Qyzyljar арнайы экономикалық аймағында жақсы мүмкіндіктер қарастырылғанын да атап өтті. Ол мысал ретінде CLASS комбайндарын айтып, сондай-ақ МТЗ тракторларын шығару бойынша да әлеует барын жеткізді.

Беларусь Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Алексей Богданов биыл Қазақстаннан Беларуське экспорт көлемі 30%-ға артқанын айтты. Кездесу соңында екі тарап серіктестік қатынастарды әрі қарай дамытуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін білдірді.

Тағы оқыңыз: СҚО-да Конституцияға енгізілетін өзгерістерді түсіндіру жұмыстары жалғасуда

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *