Петропавлда Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыровтың төрағалығымен «AMANAT» партиясы жанындағы республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңестің отырысы өтті. Алыстан ат терлетіп жеткен меймандардың мақсаты — бармақ басты, көз қыстылыққа қарсы пікір қалыптастыру, жең ұшынан жалғасқан індетке тұсау салу, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Шараның пайдасы зор. Басқосуда жол, инвестиция сияқты өңірдегі өзекті мәселелер көтеріліп, шешімі талқыланды.
СҚО-да соңғы жылдары жемқорлық фактілері азайған
«Біздің партияның, кеңестің негізгі мәселесі — жемқорлықты қабылдамау мәдениетін қалыптастыру, оның мүлдем алдын алу. Ол үшін біз қоғамда түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек, сонымен бірге жемқорлыққа қарсы алғышарт жасайтын әртүрлі келеңсіз тұстарды талқылаған абзал», — ҚР Парламентң Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров.
Солтүстік Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлықтың деңгейі төмен. Бұл тұрғыда «AMANAT» партиясының арнайы әзірленген Жол картасы да маңызды рөл атқарып отыр. Маңызды құжат жүйелі жұмыстан тұрады.
«Жыл ішінде өңірлік комиссиялар 105 мәселені қарап, 350 тапсырма берді, оның 94%-ы орындалды. 369 жемқорлық тәуекелі анықталып, оларды жою үшін шаралар қабылданды. Сандық технологиялар — сыбайлас жемқорлықты азайтудың маңызды құралы. Қазіргі таңда өңірде мемлекеттік қызметтердің 99%-ы электронды форматта көрсетіледі, ал рұқсат беру қызметтерінің саны екі есеге ұлғайды. Азаматтарды қабылдау орталықтарының арқасында мемлекеттік органдардың ашықтығы да артты», — СҚО әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов.
Жыл ішінде 9 мыңнан астам өтініш түскен, ал мемлекеттік қызметшілерге қатысты шағымдар 30%-ға азайған. Ерлан Сайыров жиынды қорытындылай келе, өңірдің дамуы сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікке, бюджет процестерінің ашықтығына және қоғамдық бақылауға байланысты екенін атап өтті. Кеңес экономиканың маңызды салаларында жемқорлыққа қарсы саясатты күшейту және «AMANAT» партиясының өңірлердегі жұмысын жалғастыру бойынша ұсыныстар қабылдады.