Солтүстік Қазақстан облысында медицина саласына қатысты тұрғындардың шағымы көбейіп келеді. Адамдар дәрігерге жазылудың қиындығын, ұзын-сонар кезектер мен қабылдау ұйымдастырудағы олқылықтарды жиі айтады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Өңір әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов бұл мәселені облыстық әкімдіктегі жиында көтерді. Денсаулық сақтау басқармасына ерекше бақылауға алуды және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Әкімнің айтуынша, биылдың басынан бері медицина саласына қатысты 1139 өтініш түскен. Оның 542-сі амбулаторлық-поликлиникалық көмекке, 249-ы стационарлық қызметке, 77-сі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге байланысты. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде емханалар мен ауруханалардағы қызмет көрсету сапасына қатысты сын пікірлер жиі жарияланып жүр.

Ғауез Нұрмұхамбетов мысал ретінде облыстық онкодиспансерде өткен жағдайды келтірді. 18 қазанда мұнда сүт безі обырын анықтауға арналған ашық есік күні ұйымдастырылған. Таңертеңнен бастап әйелдер кезекке тұрған, алайда қабылдау тек екі дәрігермен 9:00-ден 13:00-ге дейін ғана жүргізілген. Нәтижесінде алыстан ат терлетіп арнайы келген көптеген әйел қабылдауға кіре алмаған.

СҚО-да медицина саласына шағым көбейді: әкім мәселені бақылауға алды
СҚО-да медицина саласына шағым көбейді: әкім мәселені бақылауға алды

«Біз бизнесте адамдарды соңғы клиентке дейін қабылдайтынын көреміз. Ал медицинада сағат 13:00-де есікті жауып, кетіп қалады. Бұл дұрыс емес. Әсіресе шалғайдан келген адам болса, әр науқас қабылдануы тиіс», – деді өңір басшысы.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәкен Әмрин аталған жағдай бойынша жұмыс жүргізілгенін хабарлады. Оның айтуынша, ашық есік күні негізінен ағартушылық сипатқа ие, дәрігерлер азаматтарға онкологиялық аурулардың белгілері жөнінде түсіндіру жұмыстарын өткізеді.

«Кейбір пациенттер барлық тексерулерді бір күнде өткізгісі келеді – МРТ, УДЗ, КТ. Бірақ бұл мүмкін емес, себебі диагностика тек тіркелген емханаларда жасалады», – деді ол.

Ғауез Нұрмұхамбетов мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

«Егер осындай акция өткізуді ұйғарсақ, онда соңғы пациент қабылданғанша жұмыс істеу қажет. Адамдар сұрақтарына жауап алып, медициналық көмекке қол жеткізуі тиіс. Әйтпесе мұндай іс-шараның мәні болмайды», – деді әкім.

Кеңесте дәрігердің мәртебесі мен оны қорғау мәселесі де қозғалды. Сонымен қатар Ғауез Нұрмұхамбетов дәрігерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін де көтерді. Ол бос тұрған, бұған дейін қоныс аударушылар үшін салынған үйлерді медицина қызметкерлеріне беруді ұсынды.

«Бұл ауылдарға мамандарды тартуға және өңірдің денсаулық сақтау жүйесіндегі кадр тапшылығын шешуге мүмкіндік береді», – деді ол.

Тағы оқыңыз: Нұрғали Тұрсынғазиев — Азия чемпионы!

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *