Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Шал ақын ауданында болды. Аталмыш ауданда Республика күні мерекесі қарсаңында бірнеше нысан пайдалануға берілді. Одан қалды, өңір басшысы күзгі дала жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Бірлік ауылында жергілікті кәсіпкер өз қаражатына медициналық пункт салған. Оған 25 млн теңге қаражат құйыпты. Мекеме 200 адамға медициналық көмек көрсетеді.Ғауез Нұрмұхамбетов облыста жұмыс істеп жатқан серіктестіктер әрдайым елді мекендердің дамуына атсалысу керектігін айтты.
«Қазіргі таңда жергілікті кәсіпкердің есебінен Ступинка ауылында да дәл осындай нысан тұрғызылып жатыр», — Шал ақын аудандық ауруханасы директорының м.а Кәрімжан Исахов.
Шал ақын ауданында тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған бастамалар жетерлік. Биыл Бірлік, Кеңес, Жаңажол, Жанаталап ауылының тұрғындары орталықтандырылған сумен қамтылады. Елді мекендерге су желісі тартылған. Маңызды жұмысқа облыстық бюджеттен 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініпті.
«Ауданда жеті мыңға жуық тұрғын тұратын 21 ауыл орталықтандырылған сумен қамтылады. Маңызды жұмысқа 7,2 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда маңызды іс 85 пайызға аяқталды. Мердігер өз жұмысын абыроймен атқаруда», — деді Шал ақын ауданының әкімі Қайрат Омаров.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі «Повозочное-Баян-Архангелка» облыстық маңызы бар жолындағы орташа жөндеу жұмыстарымен танысты. Ендігі жылы бұл жолға асфальт төселеді. Жоба құны — 1,5 млрд теңге.
Бұл күні Сергеевкада аудандық IT-орталық ашылды. Бұл — елімізде бұрын-соңды болмаған оқиға. Бастаманың арқасында өңірде цифрлық даму саласы қарқынды дамитыны сөзсіз.
Білімді жастардың саны артатынына да сенім мол. Алдағы уақытта мұнда ұл-қыздарға жасанды интелектіні қалай қолдану керектігі үйретілетін болады.
«Орталықта жаңа бастамалар қолға алынатынына сенім мол. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз әр салада жасанды интеллектіні қолдануымыз қажет. Заман игілігін пайдаға жаратпасақ көш соңында қалып қоямыз. Айта кетейін, алдағы уақытта мұндай орталықтар облыстың әр ауданында ашылады», — деді облыс әкімі.
Облыста кәсіпкерлерге ерекше қолдау көрсетілуде. Соның бір дәлелі Шал ақын ауданында өңірге танымал «Семейный» супермаркеті ашылды. Сауда үйінің іші ассортименттерге толы. Керектінің бәрі бар. Барлығы — қолжетімді бағамен. Дүкеннің тыныс-тіршілігімен танысқан аймақ басшысы аймақ басшысы оң бағасын берді. Нысанның құрылысына 400 млн теңге жұмсалған. Сауда орнының ашылуының арқасында 70 адам жұмыспен қамтылды.
Орақ -2025
Қазіргі таңда ауданда қант қызылшасын өсіру және өңдеу бойынша бірегей жоба жүзеге асуда. Шыны керек, бұрын көбі бұл өсімдік солтүстіктің ауа-райында өспейді деп ойлаған. Бірақ, бұл түсініктің қате екенін «Asyl Farms» серіктестігі дәлелдеді. Облыс әкімі қант қызылшасы өсірілген алқаптағы жұмыспен танысты. Бастама еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, қантқа деген тәуелділікті төмендетеді.
Шал ақынның топырағы құнарлы. Егін де, шөп те жақсы өседі. Биылғы орақ науқаны қалай өткенін білу мақсатында облыс әкімі жергілікті аграрилермен кездесті. Тілдесу барысында аудан әкімі Қайрат Омаров маңызды кезең жайлы мол ақпар берді.
«Аудандағы егіс алқабының аумағы 255 мың гектарды құрайды. Биыл мол көлемде өнім алудамыз. Шығымдылық көрсеткіші 20 центнерді құрайды. Қазіргі таңда 305 мың тонна астықты бастырдық. Бірер күнде орақ науқанын аяқтауды жоспарлап отырмыз», — деді аудан әкімі.
Тағы оқыңыз: Солтүстік Қазақстан облысында «Менің кіші Отаным» байқауының облыстық кезеңі өтті