Қала әкімі Серік Мұхамедиевке жол жөндеу сұрағымен келген Беркінбай Ахметовтың мәселесі бірден шешілді. Тұрғынның айтуы бойынша Солнечный-2 шағын ауданындағы Думан көшесінде көлік түгілі, жауынды күні жаяу адамының өзі зорға жүреді екен, деп жазады Qazaqstan Media.
Солнечный-2 шағын ауданында қазіргі кезде көшелерге асфальт төселіп жатыр. Бірақ, барлығына емес. Әзірге қоғамдық көлік өтетін көшелер дұрысталуда. Ал, қала әкімінің қабылдауына келген Беркінбай Ахметов болса, өз көшесінің жолын реттесе, дейді.

«Мен көшені суретке түсіріп, алып келдім. Бізге асфальт төсемей, инертті материалмен тегістеп берсе де болар еді. Жүру мүмкін емес. Қазір бізде уақытша суағарларды салып, қоғамдық көлік жүретін көшелерді асфальттап жатыр. Ал сол көшелерден алынған ескі жабынды, фрезаларды бізге төсесе деп едік»,-дейді Беркінбай Ахметов.
Беркінбай Ахметов көшелердің ескі жабындысы қазір сыртта үйіліп тұрғанын, тіпті ұрланып жатқанын да жеткізді. Сондықтан оны пайдалы іске жаратса, деп отыр. Шаһар басшысы бұл ұсынысты құп алды. Солнечный-2 шағын ауданындағы Думан көшесінің жолына инертті материал төгіліп, тегістелмек. Жауапты мамандарға тұрғынның көзінше бұйрық беріліп, тапсырма бақылауға алынды. Сұрауына қарай тиімді жауап алған қала тұрғыны әкімдікке ризашылығын білдірді.
Тағы оқыңыз: Заречный кентінің тұрғындары қарашаның соңында жаңа пәтер алады