М.Жұмабаев ауданында жастар және балалар бастамалары орталығының бухгалтері сотталды. Ол бес жыл ішінде бюджеттен 17 млн теңгеден артық ақша жымқырған, деп жазады Qazaqstan Media.
Бәрі COVID-19 кезінде басталған
Жастар және балалар бастамалары орталығының бухгалтеріне қатысты сот шешімі 29-шы қыркүйек күні шықты. 2017 жылдан 2025 жылға дейін орталықта Светлана Расхожева барлық есеп-қисапты жүргізеді. Жалақы есептеуден бастап, тауар сатып алу жұмыстары да сотталушының міндетіне кіреді. Оның қолында сол кездері орталық директорлары қызметінде жүрген Асауова мен Галайдинаның электронды цифрлы қолтаңбалары салынған флешкарта да болған. Осы электронды қолтаңбалар арқылы Расхожева барлық былықты жүргізіп отырған.
Бюджеттік ақшаға алғаш рет ол 2020 жылы короновирус кезінде қол салған. Кейін бір рет арам жолмен пайда тауып, ойы жүзеге асқасын құныға түседі. Сотта бұл әрекетін сол кездегі қаржылық қиындықтармен байланыстырады. Жақындары ауырып, соған ақша іздепті. Кейін қызы мектепті аяқтап, студент атанады. Оған да ақша керек болып, қайтадан бюджеттің қаржысынан алады.
Ол өзіне жалақыны еселеп төлейді. Келсін-келмесін сыйақыларды тағайындайды. Одан қалды іссапарлар үшін де ақша аударып келген. Өз қажеттілігі үшін тұрмыстық тауарларды да орталық арқылы рәсімдеп, аудандағы «Кухаренко В.П.»ЖК дүкенінен алып келіпті. Осылайша Расхожева бес жыл ішінде орталық арқылы қазынаның 17 031 398 теңгесін қалтасына басқан. Ең көп ақшаны ол айлық ретінде шығарып алыпты.
МӘМС арқылы қылмыс ашылды
Бухгалтердің былығы кездейсок ашылып қалған. Жастар және балалар бастамалары орталығының директоры Галайдина ауруханаға тексерілуге барады. Сол кезде өзінің МӘМС жүйесіне тіркелмегенін анықтайды. Жұмыста Расхожевадан мән-жайды білмек болған. Алайда бухгалтер мәнді жауап бере алмайды. Сотта куәгерлік еткен Галайдиноның айтуынша, ол есеп-қисаптағы былықты білмеген.
«2025 жылдың ақпанында Галайдина М.М. М.Жұмабаев ауданы ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бухгалтеріне көмек сұрап жүгінеді. Ол міндетті әлеуметтік медицналық сақтандыру жарналарының не себерпті түспегенін сұрайды. Сол уақытта Расхожеваның заңсыз ақша аударымдары жайында белгілі болады. Бұл факт бірден құқық қорғау органдарына хабарланып, қылмыстық іс қозғалды»,-деп жазылған іс материалында.
Сот барысында куәгер Галайдина бухгалтерге толық сенім артқанын айтты. Себебі олар бір ауылдыуң тумалары екен. Сондықтан еш жаман ой болмаған.
Мойындау мен өкініш. Сот үкімі
Светлана Расхожева өз кінәсін мойындап, ісіне өкінетіндігін жеткізген. Ақшаның жартысын ерікті түрде қайтарыпты. Оған қоса 11 жастағы баласы барын, қалған сомманы қайтару үшін жұмыс істеуге мүмкіндік беруді және бас бостандығынан айырмауды сұрапты. Алайда сот барлық мән-жайды зерделей келе басқа үкім шығарды.
«ҚР ҚК 189-баптың 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық бойынша Расхожева Светлана Николаевна кінәлі деп танылсын Оған жеті жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. ҚК 46 бабы 5 бөлігінің 2 тармағына сәйкес жазаны өтеу орта қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде тағайындалсын. ҚК 74 бабының 1 бөлігі негізінде тағайындалған жаза 2028 жылғы 27 қыркүйекке дейінгі мерзімге кейінге қалдырылсын»,- деген шешім шығарды сот төрағасы.
Үкім бойынша сотталған С.Н.Расхожева баладан бас тартып немесе бала тәрбиесіне араласпаса, қоғамдық тәртіпті бұзса оған екі рет жазбаша ескерту жасалады. Оған қоса, сот талаптарын толық орындамаса бірден түрмеге жіберіледі.
Тағы оқыңыз: Петропавлда құрылыс жұмысы кезінде ер адамның құлақ сыртына шеге қадалған