Мағжан Жұмабаев ауданы Булаево қаласының 55 жастағы тұрғыны Айман Мұқышева азаматтық некедегі күйеуіне пышақ сұққаны үшін сотталды. Келеңсіз оқиға ішімдіктің кесірінен орын алды. Бұған дейін де әйел дәл осы азаматты пышақтап, жауапқа тартылған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Оқиға желісіне тоқталсақ, бесінші шілде күні Айман Мұқышева мен оның 62 жастағы азаматтық күйеуі Станислав Коробков көршісіне шарап ішуге барған. Отырысқа олар өздерімен бірге немересін де ертіпті. Бір сағаттан кейін олар үйлеріне оралады.
Мұқышеваның айтуынша, Коробков оны опасыздық жасады деп айыптаған. Ол кезде ер адам ас үй жиһазының жанында тұрып, темекі орап жатқан. Ашуға булыққан әйел үнсіз жақындап, пышақты алып, оның арқасына сұғып алған.
Ауыр жарақат алған ер адам үйден жүгіріп шыққан. Аудандық ауруханаға да өзі барыпты.
«Пышақ ер адамның сол жақ кеуде тұсының артқы бетіне сұғылған. Қуанышқа орай, зардап шегушінің ішкі ағзалары зақымданбапты. Науқасты медициналық тексерістен өткізу барысында сол жақтан гемопневмоторакс анықталды. Бұл өмірге қауіпті болғандықтан ауыр зиян деп танылады», – делінген іс материалдарында.
Сотта айыпталушының азаматтық күйеуі ешкімге кінә артқан жоқ. Керісінше, Мұқышеваны түрмеге қамамауды сұрады. Алайда, сот бұл мәселеге басқаша көзқарасын білдірді.
Белгілі болғандай, бұл оқиға бірінші рет болып отырған жоқ. 2018 жылы әйел азаматтық күйеуіне дәл осындай шабуыл жасағаны үшін сотталған екен. Себеп сол баяғы – қызғаныш.
Ер адам әйеліне дөрекі сөз айтып, оның «жүріс-тұрысы» жайлы білгенін айтқан. Әйелге бұл ұнамай, оны тыныштандырмақ болып, тағы да арқасына пышақ сұққан. Бірақ, ол кезде нәзікжандыға шартты жаза берілген. Бұл жолы нақты жаза тағайындалды.
«Айман Мұқышеваны Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп танып, орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», – деп үкімді оқыды аудандық сот судьясы Мирас Нағайбаев.
Айта кету керек, статистика бойынша, өңірде қылмыстардың 78 пайызы алкогольді ішімдік ішкеннен кейін жасалады. Құрбандардың қатарында тек әйелдер мен балалар ғана емес. Ашуға булыққан әйелдер қолына пышақ алып, күйеулеріне сұғады.
Мысалы, Петропавл қаласының тұрғыны ер адамды біреумен ғашықтық хат жазысуда деп күдіктеніп, пышақтаған. Ал жыл басында облыс орталығында жанжал кезінде әйел бірге тұратын күйеуін өлтірді.
Тағы оқыңыз: Нұргүл Алпысбаева: ұстаздық жай ғана жұмыс емес, өмірлік миссия