Әр оқушыға жеке тұлға ретінде қарап, оның бойындағы қабілетін аша білу – нағыз педагогқа, мамандығын шын жүректен сүйетін жанға тән қасиет. С. Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нұргүл Бүркітқызы Алпысбаева «ұстаз», «мұғалім» деген абыройлы атқа лайық болуға ұмтылады. Бүгінде гимназия директорының міндетін атқарып жүр.  Оның ұстаздық жолы – шәкірт тәрбиесіне арналған қажырлы еңбектің айқын көрінісі, деп жазады Qazaqstan Media.

Нұргүл Алпысбаеваның ұстаздық жолы 17 жыл бұрын басталған. Оның ішінде тоғыз жыл оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары болыпты. Бүгінде гимназия директорының міндетін атқарады. Мұның барлығы Нұргүл Бүркітқызының тәжірибесі мен кәсібилігінің дәлелі. Ол ұстаздықты жай ғана жұмыс емес, өмірлік миссия деп санайды.

«Мен бұл мамандықты таңдауда қателеспедім деп 1000 пайыз айта аламын. Ұстаздық – жай ғана пән үйрету емес, ол – тұлға қалыптастыру, жол сілтеу, сенім беру. Кейде бір жылы сөзбен баланың болашағына жол ашуға болады. Осыны сезіну – үлкен жауапкершілік әрі шексіз шабыт көзі», – дейді ұстаз.

Ұстаздықтың құндылығы

Нұргүл Алпысбаева үшін мұғалімдік қызметтің ең маңызды қырлары – біліммен бөлісу, шәкірттің өсуін көру, үздіксіз даму. Оқушымен өзара қарым-қатынас және қоғамға пайда келтіру. Әр оқушыны жеке тұлға ретінде қабылдау – оның басты ұстанымдарының бірі.

Нұргүл Алпысбаева: ұстаздық жай ғана жұмыс емес, өмірлік миссия
Нұргүл Алпысбаева: ұстаздық жай ғана жұмыс емес, өмірлік миссия

«Әр баланың қабілеті әртүрлі. Біріне талап қою арқылы, біріне қолдау көрсету арқылы жол табуға болады. Ұстаз ең алдымен өзінің ісімен үлгі болуы тиіс. Әділеттілік, жауапкершілік, еңбекқорлықты балаға үйретудің ең жақсы жолы – оны өз бойыңнан көрсету», – деп өз тәжірибесімен бөлісті педагог.

Жетістіктер мен жеңістер

Нұргүл Бүркітқызының шәкірттері қалалық, облыстық, республикалық деңгейлерде үздік танылып жүр. Мәселен, оқушысы Асылхан Ахаев Махамбет оқуларының қалалық және облыстық кезеңінде жеңімпаз атанып, республикалық сайысқа жолдама алды. Ал дебатшылар Ақбота Акимбекова мен Диана Каиркельдина Павлодар қаласында өткен республикалық турнирде II орын иеленді.

Нұргүл Алпысбаева: ұстаздық жай ғана жұмыс емес, өмірлік миссия
Нұргүл Алпысбаева: ұстаздық жай ғана жұмыс емес, өмірлік миссия

Өзінің де кәсіби жетістіктері аз емес: 2019 жылы «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауында I орын иеленген. 2024 жылы дебат бойынша қорғаған авторлық бағдарламасымен облыстық деңгейде III орын алды. Биыл «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасына қатысып, кәсіби көшбасшылық курстарынан өтті.

Ұстазға ұстаз болған тұлғалар

«Менің алғашқы ұстаздарым – ата-анам. Олар менің мұғалім болуымды қалады. Кейін түсіндім: ата-ананың ақылы – алтын кен. Сондай-ақ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берген ұстаздарым Ажар Райымбекова мен Баянды Жүкенова үлкен ықпал етті. Олар мені түрлі олимпиадалар мен байқауларға дайындап, білімге деген махаббатымды оятты», – дейді ол.

Нұргүл Бүркітқызының еңбек жолы – ұстаздықтың қадірін айқындайтын айқын мысал. «Адамға әсер ету – үлкен бақыт» деген қағидасын өмірлік ұстаным еткен педагог үшін шәкірт жетістігі – ең үлкен марапат.

Тағы оқыңыз: СҚО-да өнерлі ұстаздардың салған суреттерінен көрме ұйымдастырылды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *