Солтүстікқазақстандық 20 жігіт әскерге аттанды. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментте тепсе темір үзетін жастарды армия қатарына шығарып салу шарасы өтті, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
СҚО-да күзгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Биыл теріскейден жоспар бойынша 500 жас армия қатарын толтырмақ. Бүгін соның 20-сы Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Дәстүрге сай облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментте тепсе темір үзетін жігіттерді әскерге шығарып салу рәсімі өтті.
Азаматтар бүгін Қонаев қаласына аттанады. Олар 35-ші гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасына борышын өтемек. Болашақ сарбаздар үш күн бойы іріктелген. Медициналық және психологиялық тексерістен сәтті өтіпті.

«Бригада әскери борышын өтеген сарбаздарды парашюттен секіруге үйретеміз. Нағыз тепсе темір үзер жігіт болып шығады. Жауынгерлік қабілеттері анағұрлым артады», — деді 35-ші гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасының өкілі Нұржан Мақашев.
Мінберге шыққан шенділер мен ардагерлер қаз-қатар сап түзеген жігіттерге жалынды сөздер мен жақсы тілектер айтты. Естелік сыйлықтар да табысталды. Көп ұзамай әскерден хат жазатын болашақ сарбаздарға кеңсе тауарлары аса қажет болатыны сөзсіз.
Отан алдындағы борышын өтеуге аттанғалы жатқан жастың бірі — тайыншалық Нұрәділ Теміржан. Ол бала кезінен әскери адам болғысы келген.

«Бала кезде десантшы болғым келген. Арманымның орындалғанына қуаныштымын. Әскерде жүріп, жоғары оқу орнына грант ұтып алғым келеді», — әскерге шақырылушы Нұрәділ Теміржан.
Айта кету керек, қазанның 8-і күні облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттен тағы 25 жас әскерге аттанады.
Тағы оқыңыз: Заңды бұзған бес баласы бар шетелдік азаматтың айыппұлын сот азайтып берді