Халықаралық қарттар күнінде Петропавлдағы медициналық колледж ардагерлері құрметке бөленді. Білім ұясының ұжымы мен студенттері зейнеткерлер үшін ауқымды концерттік бағдарлама әзірлеп, марапаттарын ұсынды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Бұл оқу орнында игі дәстүрге айналған. Ешқашан ардагер ұстаздарын ұмыт қалдырмайды. 75 жастағы Күлпән Байленованың денсаулық сақтау саласында 40 жылдан астам өтілі бар. Соның 10 жылын аталған колледжде өткізген. Осы уақыт ішінде бес мыңға жуық шәкірт тәрбиелепті.

Медициналық колледж ұжымы ардагер ұстаздарын мерекемен құттықтады
Медициналық колледж ұжымы ардагер ұстаздарын мерекемен құттықтады

«Мен мамандығым бойынша — терапевтпін. Ауылдағы медициналық мекемелерде 30 жыл еңбек еттім. Қалаға көшкеннен кейін де жұмысымды жалғастырдым. Бірақ, жалақым аз болды. Сондықтан ұстаздыққа бет бұрдым. Бұл шешіміме еш өкінбеймін. Менен тәлім алған жастар қазір білдей бір аурухананы басқарып отыр», — деді Күлпән Бәйленова.

Жұмағали Тілеулин атындағы медициналық колледждің бір ғасырға жуық тарихы бар. Оқу орнының дамуына, білікті мамандарды дайындауда ардагер ұстаздардың үлесі зор. Ардагерлер қай кезде болмасын құрметке лайық.

Бүгінгі шара зейнеткерлердің көңілін көтеру мақсатында ғана өткен жоқ. Болашақ дәрігерлер мен жас мамандар саланың жілігін шағып, майын ішкен жандармен тілдесу мүмкіндігіне ие болды.

Тағы оқыңыз: Петропавлда қаңғыбас ит-мысықтарға арналған паналау орталығын ашуға ақша жоқ

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *