Петропавлдағы кәсіподақ қозғалысы ардагерлерінің аллеясында сенбілік өтті. Ұйым өкілдері аумақты жинап, күл-қоқыстан тазартты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Аллеяның ашылғанына алты жыл болды. Осы уақыт ішінде аумаққа 120-ға жуық көшет егілді. Қолдарына күрек, тырнауыш ұстаған ардагерлер мен жастар айналаны толықтай тазартты.
Осыдан алты жыл бұрын егілген ағаштардың биіктігі қазір адам бойынан асады. Саябаққа ерекше сән беріп тұр. Демалыс орнына келген адамдардың таза ауамен тыныстауына зор септігін тигізеді.
«Шара «Таза Қазақстан» акциясы және Қазақстан кәсіподақ федерациясының 120 жылдығына арналып өткізіліп отыр. Біз аллеямыздың күл-қоқыс толып тұрғанын қаламаймыз. Адам мұнда келіп, демалып уақыттарын өткізеді. Сондықтан мұнтаздай таза болып тұруы тиіс», — деді облыстық пошта байланысы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрайымы Береке Шөпенова.
Ұйымдастырушылардан неге басқа емес, осы сібір шыршасын еккендерін сұрадық. Бұл ағаш біріншіден, ауаны тазалайды екен. Екіншіден, жапырақтары мүлдем түспейді. Яғни, қысы-жазы бір қалыпты тұрады. Саябаққа көрік береді.
Тағы оқыңыз: Солтүстік Қазақстанда «AUYL SPORT-2025» спартакидасы бастау алды