Солтүстік Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, өңірде жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) бойынша сырқаттанушылық маусымдық өсуімен сипатталуда. Науқастардың көпшілігі – 14 жасқа дейінгі балалар (66,8%), деп жазады Qazaqstan Media.
2024-2025 жылғы эпидемиологиялық маусымда ЖРВИ-дің 106 358 жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 21,7%-ға төмен (2023/2024 маусымда – 135 923 жағдай). Науқастардың көпшілігі – 14 жасқа дейінгі балалар (66,8%).
«Соңғы аптада 3210 жағдай тіркелді, бұл өткен аптамен салыстырғанда 1,5 есеге көп. Сонымен қатар, осы маусымда тұмаудың 109 жағдайы анықталған. ЖРВИ-мен ауырғандардан зертханалық зерттеу нәтижесінде риновирус, аденовирус, парагрипп, метапневмовирус, МС-вирус және бокавирус секілді вирустар да тіркелді»,- дейді спикер.
Маусымдық тұмаудың алдын алудың ең тиімді тәсілі – вакцинация. 2025 жылғы 23 қыркүйектен бастап облыста тұмауға қарсы иммундау науқаны басталды. Биыл тәуекел топтары үшін ресейлік «Гриппол плюс» вакцинасының 60 мың дозасы сатып алынды. Тегін екпе медицина қызметкерлеріне, балалар үйлері мен қарттар үйлерінің тәрбиеленушілеріне, жүкті әйелдерге, созылмалы аурулары бар және 65 жастан асқан адамдарға салынады. Қазіргі таңда 713 адам егілді.
Мамандардың айтуынша, вакцинация қауіпті асқынулардың алдын алып қана қоймай, ұжымдық иммунитет қалыптастырады. Сонымен қатар, халыққа адамдар көп жиналатын орындардан бас тарту, маска тағу, қолды жиі жуу, дұрыс тамақтану және иммунитетті нығайту ұсынылады.
Тағы оқыңыз: Петропавлда екі автокөлік соқтығысып, 21 жастағы бойжеткен түрлі дене жарақатымен ауруханаға түсті