СҚО-да 30-шы қыркүйек күні барлық әлеуметтік нысандар мен көпқабатты үйлерге жылу беріледі. Бұл жайлы облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаев айтты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қыстан қысылмай шығамыз десек қазірден қамданған жөн. СҚО-да жылыту маусымына дайындыққа 41 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Әлеуметтік нысандар маңызды кезеңге толықтай дайын.
«Бүгінгі таңда облыста 456 қазандық қысқа дайын. Бұл жалпы жоспардың 94 пайызын құрайды. Білім беру ұйымдары мен денсаулық сақтау саласы нысандары маңызды кезеңге толықтай әзір. Ал көпқабатты үйлердің дайындық көрсеткіші 80 пайызды құрайды. 30 қыркүйек күні аймақта барлық нысандарға жылу берілетін болады», деді Данияр Қуанышбаев.
Теміржол тұйықтарында тапшылық пен дүрбелең болмас үшін халық алдын ала дайындалуы қажет. Қыркүйек айында облысқа 766 вагон қатты отын жетті. Бұл — 52 мың 525 тонна. Таңдау бар. Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиевтің сөзінше, шаһарға ертең толығымен жылу беріледі.

«Петропавлда барлығы 171 әлеуметтік нысан бар. 106 білім беру мекемесі дайындық паспортын алды. Олардың қазандықтарын жуу және қысымын тексеру үшін 2 млн теңге қаржы бөлінді. Шаһарда 25 денсаулық сақтау, 16 мәдениет нысаны бар. Оларға жеткілік көлемже көмір жеткіздік»,-деді Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев.
Қала әкімінің айтуынша, Петропавлға жылу 23-ші қыркүйектен беріле бастаған.
Тағы оқыңыз: «Қоңырауды ұстап тұру» режимі. Жәдел жәрдем бригадасы келгенге дейін, диспетчер науқасқа телефон арқылы көмектеседі