Петропавлдағы Ойқала ауданында бүгін экологиялық акция мерекеге айналды. Уәлиханов ауданы сыйға тартқан демалыс орында жүздеген көшет отырғызылып, тазалық науқаны ұйымдастырылды, деп жазады Qazaqstan Media.
Ойқала ауданындағы мына жерде бір кездері тұрғын үйлер болды. Кейін тасқын судан қираған үйлер сүріліп, орнына заманауи демалыс орны пайда болды. Шамамен төрт гектар жерге Уәлиханов ауданының әкімдігі сквер салды. Мұнда футбол алаңы орнатылып, гүлзарларға әсем гүлдер егілді. Тұрғындарға таза ауада серуендеп, демалатындай орындықтар қойылды. Енді міне, Дүниежүзілік тазалық күнінде көшеттер егіліп жатыр.

«Таза Қазақстан және Дүниежүзілік тазалық күнінде облыс әкімдігінің біздің скверде көшет егуді таңдағанын абырой деп санаймын. Біз ауданнан 15 адам болып келдік. Тазалық акциясына арнайы қатысу үшін және қалалықтар үшін салған демалыс орнымызды тазалайық деп шештік. Осыған дейін көктемде гүл егіп, баптап өсірген едік. Жазда келіп, арамшөбін жұлып, баптап жүрдік. Бүгінгі экологиялық акциямыз қала және облыс әкімдігінің арқасында нағыз мерекеге айналды. Барлық қатысушыларға алғыс айтамын», – деді Уәлиханов ауданы әкімінің орынбасары Талғат Сағитов.
Уәлиханов ауданының скверінде тал егуге облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов те қатысты. Ол қарағай мен қайың көшетін отырғызып, қала тұрғындарын мұндай игі шараларға бір кісідей атсалысуға шақырды.

«Бүгінгі тазалық акциясына қатысуға қуана келіп отырмын. Біз 1500 түп көшет егуді жоспарлап отырмыз. Оның ішінде қарағай, шырша, қайың, терек бар. Барлық көшеттер жергілікті тәлімбақтан жеткізілді. Осы игі шараға қатысуға ниет білдірген барлық кәсіпкерлерге, қызметкерлерге алғысымды білдіремін. Сонымен қатар қала тұрғындарын тазалық акцияларына қатысуға шақырамын. Ортақ үйімізді таза ұстап, оның әдемі болуына атсалысайық», – деді Нұрлан Кеңесов.

20 қыркүйек – Дүниежүзілік тазалық күні Қазақстанның әр қаласында тазалық акциялары өтті. Бұл еліміздегі «Таза Қазақстан» акциясымен сабақтасты. Петропавлдың барлық ұйымдарының мамандары сенбілікке қатысты. Қаланы күл-қоқыстан тазалап, жасыл желектердің санын көбейтті.

Тағы оқыңыз: Мамлют ауданында World Clean Up Day халықаралық акциясы өтті