Петропавлда үйіндегі шыбын мен масаны дихлофос шашып уламақ болған әйелдің өзі уланып қалды. Ол көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасына ауыр халде жеткізілді, деп жазады Qazaqstan Media.
57 жастағы әйел үйіндегі шыбын мен масаны улау үшін дихлофос шашыратқан. Бірақ, бөлмені желдетпестен сол бөлмеде ұйықтауға жатқан. Таңертеңіне әйелде жүрек айну, құсу, іштің ауыруы және әлсіздік сияқты белгілер пайда болған.
Оның жағдайы тез нашарлап, ауруханағ жеткізілген бетте шұғыл түрде реанимацияға емдеуге жатқызылды.

Дәрігерлер оған фосфорорганикалық және карбаматты инсектицидтердің уытты әсері диагнозын қойды. Ақ халаттылар бірден уытсыздандыру емі мен өмірлік маңызды функцияларын түзету әрекеттерін жүргізілді. Бүгінде жағдайы тұрақты, әйел терапия бөлімшесіне ауыстырылды.
«Дихлофостың құрамында фосфорорганикалық қосындылары бар. Олар өмірлік маңызды ферменттердің жұмысын тежейді. Тыныс алу және жұрек жұмысының едәуір бұзылуына әкеледі. Әсіресе балалар, қарт және созылмалы аурулары бар пациенттер үшін өте қауіпті», -дейді дәрігерлер.
Мамандар дихлофосты қолдану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертеді.
Тағы оқыңыз: Қазақстандықтар енді тіс емдетуге зейнетақы жинақтарынан ақша ала алмайды