2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындарға жалпы сомасы 198,9 миллион теңгеге тең 31 жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетілді. Бұл қызметтердің 19-ы — міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында, ал 12-сі — тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында ұсынылған, деп жазады Qazaqstan Media.
Жоғары технологиялық медициналық көмек — күрделі оталар мен заманауи технологияларды қамтитын қымбат әрі тиімді емдеу әдістерінің бірі. Елімізде мұндай қызметтерді азаматтар екі пакет арқылы ала алады: МӘМС және тегін кепілдік көмек.
Кеуде қолқасына протезді эндоваскулярлық имплантациялау отасының құны төрт миллион теңгеден асады. Дегенмен, азамат медициналық сақтандыру жүйесіне қатысқан болса, бұл қымбат отаны тегін жасата алады.
«Науқас небәрі 51 мың теңге көлемінде жарна аударған болса да, сақтандырылған мәртебесінің арқасында отадан өте алады. Бұл — МӘМС жүйесінің нақты пайдасын көрсететін мысал, – дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚОФ директорының орынбасары Талғатбек Тілеубердин.
Облыста жоғары технологиялық қызметтерді екі медициналық мекеме көрсетті. Көпбейінді облыстық аурухана МӘМС аясында бас және мойын тамырларының эндоваскулярлық эмболизациясы немесе окклюзиясы – 7 жағдай.
Кеуде қолқасына протезді имплантациялау – 1;
Автоматты кардиовертер имплантациясы – 4;
Бас сүйек ішіндегі артерияларға стенттерді орнату – 6.
Олардың жалпы құны 119 миллион теңгеден асты.
Көпбейінді қалалық аурухана: бір пациентке тізе буынын эндопротездеу отасын жасады. Операция құны — 2 миллион 130 мың теңге.
Сонымен қатар, мемлекет есебінен көрсетілген жоғары технологиялық қызметтерге 77 миллион теңгеден астам қаржы бағытталды.
Тағы оқыңыз: СҚО-ға «Қазақстан халқына» қоры 17,8 млрд теңге бөлген