Шал ақын ауданына Чехиядан симментал және голштин тұқымды ірі қара жеткізілді. Зеңгі баба төлдері ауданда бой көтергелі жатқан жаңа сүт-тауарлы кешенге орналастырылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Бірі білсе, бірі білмес. Өткен жылдың күзінде Шал ақын ауданында сүт-тауарлы кешеннің іргетасын қалау жұмыстары басталды. Күні кеше ол жаққа сонау Чехиядан 122 бас асыл тұқымды ірі қара жеткізілді.
«Симментал және голштин тұқымды сиырлардың әрқайсысы 2500 евродан астам қаражатқа сатып алынды. Несиелеу «Солтүстік» ӘКК арқылы жүзеге асырылды. Негізі Зеңгі баба төлінің 400 басын сатып аламыз деген жоспар болған. Бірақ мал санын мыңға жеткіземіз деп отырмыз», — деді «ZHA – GROUP LTD» ЖШС басшысы Нұргелді Есілбаев.
Нысан үстіміздегі жылдың соңында пайдалануға беріледі. Нәтижесінде, 50-ден астам адам жұмыспен қамтылмақ. Қызметкерлердің еңбекақысы 100-ден 350 мыңға дейін жетеді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл өңірде 15 сүт-тауарлы кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның тоғызы осы жылы қолданысқа берілмек.
Тағы оқыңыз: 1 қыркүйектен бастап үй жануарларына чип салына бастайды