Солтүстік Қазақстан облысында ұнның бағасы бірден 20 пайызға өскен. Соның салдарынан нан мен кондитерлік өнімдердің де құны шарықтап бара жатыр. Ал өндірушілер қымбатшылықты жанар-жағармай және шикізат құнының өсуімен байланыстырады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі 31-арнаға сілтеме жасап.
Петропавлда қазір дүкен сөрелерінде ас атасының құны 150 теңгеден басталып 200 теңгеге дейін жетеді. Тұрғындар астықты өлкеде ұн өнімдерінің шарықтауы өте ұят дейді. Ал шенеуніктер жар салып айтатын әлеуметтік нан дүкендерде мүлдем жоқ екен.
Жаңа жылдан бастап теріскейде ұн бағасы бірден 20 пайызға өскен. Қазір базарларда елу келі бірінші сұрыпты ұнның құны 10 мың теңге тұрады. Ал наубайхана басшылары бағаны көтермесек шығынға батамыз, себебі жанар-жағармай мен шикізат құны шарықтап барады деп отыр.
«Бұл мәселе ұн бағасының өсуіне байланысты болды, шикізат пен ашытқы, маргарин, май қымбаттады. Жұмысшыларға да жалақы төлеу керек. Шығынға ұшырамау үшін аздап көтеруге мәжбүр болдық», – деді наубайхана басшысы Сара Төлебаева.
Былтыр әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын негізсіз көтерген 6 кәсіпкер анықталып, олар қомақты айыппұл арқалаған. Статистика мамандары кондитерлік өнімдердің құны да өскенін жасырмайды. Нан-тоқаштың қымбаттау көрсеткіші бойынша солтүстік Атырау облысынан кейін екінші орында тұр.
«Карамель 14,5%-ға, шоколад 10,3%, шоколадпен көмкерілген конфеттер 8%. Джем мен бал бағасы жыл бойына 29,6%-ға өсті. Тоқаш және ұннан дайындалған кондитер өнімдері 15,7% қымбаттады», – деді СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары Жұлдыз Нұрғалиева.
Аймақтық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті тексеріс жүргіземіз деп отыр. Бірақ ол үшін жазбаша шағым түсіру керек екен.
Тағы оқыңыз: Петропавлда үш жасқа дейінгі балаларға арналған ерте араласу орталығы ашылды