Уәлиханов ауданында «Біздің Сәкен сері» атты кітап бұрышы ашылды

Уәлиханов аудандық орталық кітапханасының оқу залында «Біздің Сәкен сері» атты кітап бұрышы ашылды. Ол Уәлиханов ауданының тумасы, мақтанышы, қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, аудармашы Сәкен Жүнісовтің туғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырылған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Кітап бұрышының ашылуына ауданның құрметті азаматтары Сансызбай Қалиев, Болат Қорқытов, Төлеген Сатыбаев, аудандық  мұрағат басшысы Дулат Сұлтанов, Сәкен Жүнісовтың туыстары, нағашы келіні Бәтима Мұхаметалина келген. Сонымен қатар аудан ардагерлері, жастар, белсенді оқырмандар қатысты.

Кітап бұрышының ашылу мақсаты – Сәкен Жүнісовтың әдеби мұрасына оқырмандардың назарын аудару, шығармашылығын насихаттау болып табылады. Жиында сөз алған аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Күләш Егімбаева жазушының өмірі мен шығармашылығына тоқталды.

«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел қайдан алсын кемеңгерін» демекші аудандық кітапхана кітап бұрышын әрі қарай толықтыратын боламыз. Алдағы уақытта Сәкен шығармаларын оқырмандарға насихаттап, әр түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырамыз. Ал бүгінгі шара бұл тек бастамасы ғана», – деді Күләш Егімбаева.

Кітап бұрышы төрт бөлімнен тұрады. «Сайына қарай – саласы, әкесіне қарай – баласы» атты бірінші бөлімде Сәкен Жүнісовтың отбасы, сонымен қатар әкесі Нұрмақ Жүнісовтың еліне атқарған еңбектері, отбасылық суреттер қойылған. Сондай-ақ Роза Нұрмаққызы Жүнісованың «Сөнбейді жаққан шырағың» атты кітабы, библиографиялық анықтамалар, мерзімді басылымдар орын тепкен.

«Қос жанрдың жүйрігі» атты екінші бөлім жазушы Сәкен Жүнісовтің өмірі мен қызметі туралы материалдардан, энциклопедиялардан, библиографиялық мақалалардан және ол туралы әдебиеттерден құралған.

«Сарыарқаның серісі» атты үшінші бөлімде Сәкен Жүнісовтің шығармашылық мұрасы, атақты: «Сонарда» (1959), «Әжем мен емші және дәрігер» (1961), «Дом в степи» (1968), «Өшпейтін іздер» (1968), «Ақан Сері» (1971), «Жапандағы жалғыз үй» (1990) және т.б еңбектері ұсынылған.

«Архивтер сөйлейді» атты төртінші бөлім көрменің құнды бөлігі болып табылды. Мұнда Уәлиханов аудандық мұрағаты Сәкен Жүнісовтың бірқатар құжаттарын әкеліп қойған. Олардың қатарында жерлесіміздің мектеп кезіндегі күнделігі (үлгерім журналы), еңбек кітапшасы (Кішкенекөл №2 мектебінде қызмет атқарған жылдағы қабылданған және жұмыстан босатылған жөніндегі бұйрықтары, ол өмір сүрген үй құжаттарының актілері қойылды», – дейді кітапхана қызметкерлері.

Уәлиханов ауданының құрметті азаматы Сансызбай Қалиев Сәкен Жүнісов жайлы тың деректермен бөлісті. Жазушының шығармалары өткен және бүгінгі өмірді барлық күрделілігімен бейнелейді және қызықты тағдырларды баяндайды. Оның кітаптарының кейіпкерлері шындықты іздеуге құштарлығымен, тектілігімен, ой тазалығымен ерекшеленетіндігін атап өтіп.

«Сәкен Жүнісовтің ең танымал шығармасы ХІХ ғасырдағы әйгілі қазақ ақыны туралы роман – «Ақан сері» дилогиясы болды. Кітапта ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы көшпелі қазақтардың әлеуметтік өмірінің, тұрмысы мен әдет-ғұрпының жарқын суреттері бейнеленген. Автордың көпқырлы таланты үшін замандастары «Сәкен сері» деп атаған. Біз жалпы  Сәкен Жүнісовпен мақтануымыз керек», – деп өз ойын түйіндеді.

Қазақ халқы сері деген атақ қосып, Сәкен сері атанған, кешегі Ғабеңдер, Мұхаңдар сияқты ұлы тұлғалардың жалғасы Сәкен сері Жүнісовтің кітап бұрышын ашу аудандық кітапхананың талайдан бері ойда жүрген мақсатты іс болатын.

Кітап бұрышының ашылуына ерекше үлес қосқандардың бірі – Дулат Сұлтанов. Аудандық мұрағат басшысы Сәкен Жүнісовтің құжаттарынан сақталған материалдарды толық жеткізіп оқырмандарға таныстырып өтті. Кітапханаға келген әр адам мұндағы кез келген шығармамен танысып, зерттей алады. Бір сөзбен айтқанда, мұнда әр оқырманға жағдай жасалынған.

Сәкен сері Жүнісов халқына «Ақан сері», «Жапандағы жалғыз үй» романдарын, «Заманай мен Аманай», «Алдыңғы вагон» повестерін, «Ажал мен ажал», «Абылай» сияқты драмалық шығармалар ұсынды. Тарихи, күрделі тақырыптарды қаузап, оны шұрайлы тілімен шырайландырып, оқыс оқиғалармен ширықтырып, шып-шымыр дүниелер тудырған шынайы суреткер еді.

Талғамы биік Ғабит Мүсіреповтің өзі «сері» атаған Сәкен Жүнісов расында да тек жазушы ғана емес, дүлділ домбырашы, алапат әнші, жалындаған шешен де еді деген болатын. Жасында палуан болып, бозкілемде ешкімге десте бермесе, кейін әріптестері арасындағы тастаяқтан өтетін жарыста алдына жан салмайтын. Оның киносценарийлері экраннан, драмалары сахнадан көрініп, өзі газет-журнал, радио-телевидение сыр сұхбаттарының көркі, той-думанның сәні, жиын, мәслихаттың мәні болып өтті. Сол шешендік сөздері, ұшқыр ойлары, ұтымды пікірлерін ұмытпасын дегендей артына «Сәкен сері ел жайында, ел Сәкен сері» жайында атты қалың кітабын да қалдырып кетті.

Іс-шара соңында жазушының ауданда тұратын нағашы келіні Бәтима Мұратқызы Мұхаметалина Сәкен Жүнісовты ұлықтап, қошемет көрсетіп жатқан барша аудан халқына ризашылығын білдірді. Ол естелік ретінде Сәкен Жүнісовтың қолтаңбасы бар кітапты көрмеге ұсынды.

Тағы оқыңыз: Петропавлда үш жасқа дейінгі балаларға арналған ерте араласу орталығы ашылды

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x