Облыстық перинаталдық орталықта ерте араласу орталығы ашылды. Мұнда жыл сайын үш жасқа дейінгі 600 ерекше бала ем ала алады. Бұл «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қаржыландыруымен ашылған 16-шы ерте араласу орталығы, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Бұл орталық «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен іске қосылған 36-шы оңалту орталығы. Жалпы аталмыш қор 2020 жылдан бері ерекше балаларды оңалтудан өткізетін орталықтарға қаржылай қолдау көрсетіп келеді.

Петропавлда үш жасқа дейінгі балаларға арналған ерте араласу орталығы ашылды

«Үш жыл ішінде біз Қазақстанда инклюзивті қоғамды дамытуға бағытталған 15 оңалту, 16 ерте араласу және аутизмі бар балаларға арналған бес орталықтың тұсауын кестік. Бүгінде орталықтарда ел бойынша 40 мыңға жуық бала оңалтудан өтіп үлгерді. Олардың 3070-і алғашқы қадамын жасаса, 4162 бүлдіршін бірінші сөздерін айта бастады», – деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» қоры бас директорының орынбасары Досбол Көшербаев.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгінде өңірде мүгедектігі бар 18 жасқа дейінгі 2300-ден астам бала ер жетіп келеді. Оларға оңалту қызметі үш стационар мен амбулаториялық деңгейде екі жерде көрсетіледі. Осылайша, енді оңалту жаңадан ашылған ерте араласу орталығында да қолжетімді болады. Бұл орталыққа республикалық бюджеттен 225 млн, ал жергілікті қазынадан 55 млн теңге бөлінген. «Самұрық-Қазына» және «Қазақстан халқына» қорларының ынтымақтастығында ашылған жаңа орталықта ерекше балалармен невропатологтар, оңалту дәрігерлері, жаттығу терапиясының нұсқаушылары, психологтар, логопедтер және кәсіби терапевттер тобы жұмыс істейді.

«Қазақстан халқына» қоры екі жыл ішінде 177 млрд теңгеге 60 жобаны іске асырды. СҚО өзінде алты жарым млрд теңгеге 20  түрлі жоба қолға алынған. Елімізде ерте араласу орталықтарының аздығынан балалардың аурулары дер кезінде анықталмайды. Осы орталық солтүстікқазақстандық балаларға көмектеседі деген ойдамыз. Осындай ерте араласу орталығы болашақта Қостанай, Қызылорда мен Павлодар және Алматыда да ашылады деген жоспар бар», – деді «Қазақстан халқына» ҚҚ талдау және болжау орталығының басшысы Серікбек Елшібеков.

«Қамқор» ерте араласу орталығына АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Ресей және Қазақстанның жоғары деңгейдегі заманауи медициналық және диагностикалық жабдықтары қойылған. Олар – мотометрлер, вертикализаторлар, Rifton тренажерлері, «Головастик», «Кузнечик» төсемдері, «Атлант» костюмдері, иммерсиялық ванна, сенсорлық, шунгитті және тұзды бөлмелер, аудиометриялық модуль және ЭЭГ аппараты. Жалпы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры Солтүстік Қазақстан облысында 2018 жылдан бері 521,7 млн теңгеге алты әлеуметтік жобаны іске асырды.

Петропавлда үш жасқа дейінгі балаларға арналған ерте араласу орталығы ашылды

«Біздің облыстық көпбейінді балалар ауруханасында амбулаторлы оңалту орталығы бар. Бұл Қазақстанда ең бірінші бізде ашылған орталық. «Қамқорлық» және «Қазақстан халқына» қорларының қолдауымен бұл орталыққа реставрациялау жұмыстары жүргізілмек. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстарын жүргізетін компанияға конкурс өткізіліп жатыр. Кейінен бұл орталыққа да заманауи құрылғылар қойылатын болады», – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Күсемісов.

Алдағы уақытта ерте араласу орталығы Чкаловтада ашылмақ. Ол жерде Тайынша, Уәлиханов пен Ақжар ауданының балалары ем алуға мүмкіндік алады.

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x