Шал ақын ауданында әлеуметтік маңызы жоғары екі сала – денсаулық сақтау мен білім беру жүйесін жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл шаралар аудан тұрғындарының өмір сапасын арттыруға және жас ұрпаққа қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Салалардағы өзгеріс туралы брифингте аудан әкімі Қайрат Омаров айтып берді, деп жазады Qazaqstan Media.
Денсаулық сақтау саласында бүгінде аудан ұйымдарында 165 медицина қызметкері жұмыс істейді. Соған қарамастан, онколог-маммолог, стоматолог-ортопед, терапевт, акушер-гинеколог және дерматовенеролог мамандары бойынша бес дәрігер тапшылығы сезілуде.
«Кадр тапшылығын жою үшін мамандарды тарту жұмыстары жалғасуда. Оларға ауданның коммуналдық меншігінен 11 жайлы пәтер мен тұрғын үй беріліп, біліктілігі мен мамандығына қарай 1,5 млн теңгеден 8,5 млн теңгеге дейін көтерме жәрдемақы ұсынылуда»,- деп атап өтті аудан әкімі Қайрат Омаров.
Өткен жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында Мерген, Ақанбарақ және Семиполка ауылдарында жаңа медициналық пункттер пайдалануға берілді. Сондай-ақ кәсіпкерлердің демеушілігімен Жаңажол және Бірлік ауылдарында да жаңа нысандар салынды. Биыл Ступинка ауылында тағы бір медициналық пункттің құрылысы басталды. Бұдан бөлек, инфекциялық бөлімге 215 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізіліп, денсаулық сақтау нысандарын материалдық-техникалық жарақтандыруға 135 млн теңге бөлінген.
Білім беру саласындағы жаңашылдық
Білім беру жүйесінде де оң өзгерістер байқалады. Шал ақын ауданындағы білім беру нысандарының инфрақұрылымын жақсартуға 58 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Жалтыр негізгі мектебі 68 млн теңгеге күрделі жөндеуден өтті. Ступинка және Бірлік ауылдарының негізгі мектептері, сондай-ақ Сергеевка қаласындағы К. Салыков және Е. Шайкин атындағы мектептер ағымдағы жөндеумен қамтылды. Жалпы жөндеу жұмыстарының көлемі 276 млн теңгені құрады. Қазіргі таңда академик Е.Бөкетов атындағы мектеп-гимназияны реновациялау және Приишим орта мектебін күрделі жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалған.
«Білім беру нысандарындағы қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Сергеевка қаласында үш мектепке жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін «Qazaq Bilim» қауіпсіздік жүйесі орнатылды. Жүйе төбелес, құлап қалу, агрессия сияқты оқыс жағдайларды анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, биыл аудандық кітапхана базасында ESIL AI — IT орталығы ашылды. Орталық жасанды интеллект, робототехника және заманауи цифрлық технологияларды меңгеруге бағытталған білім алаңына айналып отыр»,-дейді спикер.
Шал ақын ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар әлеуметтік салаларды жаңа деңгейге көтеріп, ауданның дамуына серпін беруде.
Тағы оқыңыз: СҚО-да екі мектеп толықтай қашықтан оқуға ауысты

