Жамбыл ауданының тұрғындары тасқын судан зардап шеккендерге 2,5 мың тонна гуманитарлық көмек жіберді. Сонымен қатар облыс орталығына 50-ге жуық ерікті келіп, бөгеттерді нығайту жұмыстарына тартылған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Апат айтып келмейді. Бүгіндері өңірдегі бірқатар елді мекендерде жағдай қиындаған. Тасқын су Есіл, Шал ақын аудандарындағы кей ауылдарға кіріп, ондаған үйлерді су басты. Қазір ағыны қатты қызыл су Қызылжар ауданы мен Петропавл қаласына қауіп төндіруде. Сондықтан бірнеше күннен бері су басуы мүмкін елді мекен тұрғындары үйлерін тастап, эвакуациялық пунктер мен туысқандарын паналауда. Осындай қиын жағдайға тап болған жерлестеріне көмек көрсетемін деген жандардың қарасы қалың. Қазіргі таңда облыс орталығына жер-жерден гуманитарлық көмек келіп жатыр. Бүгін таңертең Петропавлға Астана қаласынан 14 көлік және Жамбыл ауданынан 2,5 тонна өнім жеткізілген.
«250 келі ет алып келдік. Сондай-ақ күнделікті сұранысқа ие тауарлар жеткізілді. Резеңке етіктер, қолғаптар және балаларға арналған тауарлар бар. Бұл тек бастамасы ғана. Жақын күндері тағы гуманитарлық көмек алып келеміз. Бүгін әкелген тауарларды Петропавл қалалық жастар ресурстық орталығы қабылдап алды. Олар өздері көмек керек жандарға үлестіріп береді», — дейді Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Айнұр Ілияс.
Гуманитарлық көмекті жамбылдықтар екі күн ішінде жинаған.
«Мен сәуірдің 8-і күні әлеуметтік желіде көмек қажет деп жазба жарияладым. Ал кеше кешкісін көлігіміз толды. Аудан тұрғындары ерекше белсенділік танытуда. Тіпті, кей азаматтар түнгі уақытта қоңырау шалып, тағы не қажет деп сұрап жатады. Жерлестерінің басына осындай сын түскенде бей-жай қарамай, жәрдемдесіп жатқан барлық жамбылдықтарға алғысымды білдіремін. «Алтын дән», «Юбилейный» дүкендері бізге киім мен аяқ киім, «Мегабит» дүкені тұрмыстық химия тауарларын әкеліп берді. Сонымен қатар аудандық әкімдік қызметкерлері қолдан келген көмегін аямай, осының барлығын облыс орталығына жеткізуге септесті», — деді Айнұр Ілияс.
Сондай-ақ ауданнан 50-ге жуық адам келіп, бөгеттерді нығайту жұмыстарына қатысуда. Олардың қатарында ауылдық округ әкімдері және жастар бар.
Тағы оқыңыз: Боголюбово ауылының көшесін су басты