Солтүстік Қазақстанда биыл балаларға қатысты 92 қылмыс тіркелген. Олардың басым бөлігі облыс орталығында жасалған. Сондай-ақ жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсайтындар саны да азаймай отыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Мұндай деректерді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Динара Анафина келтірді. Оның сөзінше, биыл өңірде кәмелетке толмағандарға қатысты 92 қылмыс тіркелген. Ал былтыр мұндай 59 факті ғана анықталды. Яғни, өсім 59 пайызды құрап отыр.
«Қылмыстардың дені Петропавл қаласында жасалған. Облыс орталығында кәмелетке толмағандарға қатысты 56 қылмыс тіркелді. Айыртауда – 4, Ақжарда – 2, Аққайыңда – 2, Есіл ауданында – 5, Қызылжарда – 8, Ғабит Мүсірепов ауданында – 2, Мағжан Жұмабаев ауданында – 1, Шал ақында – 1. Тайыншада – 8, Уәлиханов ауданында – 3 қылмыс анықталды», — дейді Динара Анафина.
92 фактінің 23-і балаларға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстар. Сондай-ақ жасөспірімдердің суицид жасау деректері де тіркелген. Биыл кәмелетке толмаған тоғыз солтүстікқазақстандық өз-өзіне қол жұмсаған.
Жиында заң бұзған жасөспірімдер туралы да айтылды.
«Биыл өңірде кәмелетке толмағандармен 38 қылмыс жасалған. Бұл былтырғы көрсеткішке қарағанда 13 пайызға артық. Барлық оқушылар есепке алынған. Жалпы мұндай тізімде 625 солтүстікқазақстандық бала бар. Олардың 507-сі секцияларға қатысады. Бұл 71,2 пайызды құрайды», — деді спикер.
Жалпы өңірде 444 мектеп бар, оларда 74 мыңнан астам бала білім алады. Тағы облыстағы 24 колледжде 11 мыңнан астам студент оқиды екен. Олардың 4,5 мыңнан астамы әлі кәмелет жасқа толмаған.
Тағы оқыңыз: Петропавлда Константин Ушковқа арналған мемориалдық тақта ашылды