Солтүстік Қазақстан облысында егін орағы науқаны басталды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, өңір елімізде астық жинауды бастап кеткен тоғыз өңірдің қатарында, деп жазады Qazaqstan Media.
Министрліктің алдын ала деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта Қазақстан бойынша 634 мың тонна дәнді дақыл бастырылды. Орташа өнімділік гектарына 20,6 центнерді құрап отыр. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 есе жоғары (12,2 ц/га).
Негізгі дақыл – бидай бойынша да жақсы нәтиже байқалады. Бүгінге дейін 461,2 мың тонна бидай жиналып, орташа өнімділігі гектарына 19,1 центнерге жетті. Былтыр осы кезеңде бұл көрсеткіш 13,7 центнер болған.
Арпа жинау жұмыстары да жоғары қарқынмен жүргізілуде. Қазіргі таңда 157,8 мың тонна арпа бастырылып, орташа өнімділік гектарына 17 центнерді құрады. Бұл өткен жылғы деңгейден екі есе жоғары.
Министрліктің хабарлауынша, егін орағын уақытылы әрі сапалы өткізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қажетті техникамен толық қамтамасыз етілген. Ел бойынша 133,9 мың трактор, 5,6 мың жоғары өнімді егіс кешені, 71,4 мың тұқым сепкіш және 188,5 мың топырақ өңдеу техникасы жұмылдырылған.
Сонымен қатар, мемлекет тарапынан биылғы орақ науқанына 401 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінеді. Айта кетейік, егін орағы Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында, сондай-ақ Жетісу облысы мен Шымкент қаласында басталды. Министрлік биылғы алғашқы нәтижелер өткен жылмен салыстырғанда өнімділіктің айтарлықтай артқанын көрсетіп отырғанын атап өтті.
Тағы оқыңыз: Петропавлда пробация есебіндегі 145 адамға рақымшылық жасалады

