23 тамызда Қазақстан саяси дамуындағы маңызды кезеңдердің біріне қадам басады. Бұл күні ел тұрғындары алғаш рет заң шығару өкілеттігіне ие болатын Құрылтай депутаттарын сайлайды. Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындарды сайлауға белсенді қатысуға шақырып отыр, деп жазады Qazaqstan Media.
Тарихи сайлауға бір айға жетер-жетпес уақыт қалды. Мемлекеттік басқарудың жаңа моделіне көшу – конституциялық реформаның маңызды бағыттарының бірі. Жаңа Құрылтай қазақ халқының ежелгі құрылтай дәстүрінің жалғасы ретінде құрылып, ел дамуына қатысты маңызды заңдарды қабылдайтын жоғары өкілді орган болады.
Петропавл қаласының еңбек ардагері Жангелді Тәжиннің айтуынша, жаңа жүйенің басты ерекшелігі – реформаларды әзірлеу кезінде халықтың ұсыныстары ескерілген.
«Құрылтайдың тарихы ата-бабаларымыздың заманынан бастау алады. Ерте кезден-ақ маңызды мемлекеттік мәселелер осындай жиындарда шешіліп отырған. Бүгінде бұл дәстүр жаңа мазмұнға ие болды. Ең бастысы – жаңа орган заң шығару өкілеттігіне ие болып, еліміздің барлық өңіріндегі халықтың пікірін ескеретін болады. Реформаларды әзірлеу барысында азаматтардың ұсыныстары жиналып, әркім өз ойын айтуға мүмкіндік алды. Бұл мемлекет пен қоғам арасындағы ашық диалогтың көрінісі», – деді Жангелді Тәжин.
Оның пікірінше, Құрылтай құрамына ел мүддесін қорғайтын, жауапкершілігі жоғары әрі белсенді азаматтар сайлануы тиіс.
«Заң – мемлекеттің іргетасы. Сондықтан депутаттар тек формалды түрде жұмыс істемей, халықтың мүддесін қорғайтын, сапалы заңдар қабылдайтын, елдің болашағын ойлайтын азаматтар болуы керек», – деді еңбек ардагері.
Жангелді Тәжин сайлауға қатысу – әрбір азаматтың азаматтық жауапкершілігі екенін атап өтті.
«Биылғы сайлауға жеті саяси партия қатысып отыр. Әр азаматтың өз таңдауын жасауға мүмкіндігі бар. Ең жаманы – бейжай қалу. Солтүстік Қазақстан облысының барлық тұрғындарын сайлау учаскелеріне келіп, өз дауыстарын беруге шақырамын. Әсіресе ардагерлер мен ақсақалдар жастарға үлгі болуы керек. Еліміздің болашағы әрқайсымыздың белсенділігімізге байланысты», – деді ол.
Тағы оқыңыз: Корэштен халықаралық турнирдің бас жүлдесі – Қостанай палуанына бұйырды

